Павлодар облысында дауылды ескерту жарияланды
Жаңбыр, қар және үсік күтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 13 мамырда өңірде ауа райы күрт құбылып, жауын-шашын мен қатты жел соғады деп болжануда. Түнде облыстың батыс, солтүстік және шығыс аумақтарында жаңбыр мен қар жаууы мүмкін.
Түнгі және таңертеңгі уақытта аймақтың батысы мен солтүстігін тұман басады. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні облыстың солтүстік, оңтүстік және шығыс бөліктерінде секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Сонымен қатар түнде облыстың солтүстігі мен шығысында термометр бағаны 1 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыстың батыс, оңтүстік және шығыс аудандарында жоғары өрт қаупі әлі де сақталып тұр.
Павлодар қаласында 13 мамыр күні оңтүстік-шығыстан жел соғып, күндіз оның екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Шаһар аумағында да өрт шығу қаупі жоғары екені ескертілді. Мамандар тұрғындарды сақ болып, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.