Павлодар облысында жаңа май зауыты іске қосылды

Павлодар облысында жаңа май зауыты іске қосылды

Кәсіпорын алдымен өңір нарығын өніммен қамтамасыз етіп, кейін экспортқа шығуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кемеңгер ауылындағы нысан құрылысына инвесторлар 700 миллион теңге қаржы салды.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов зауыттың ашылу рәсіміне қатысып, мұндай өндірістердің іске қосылуы өңірді өз азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, қайта өңдеу саласының дамуы мемлекеттік қолдау мен инвестицияларды белсенді тартудың арқасында жүзеге асып отыр.

- Біз күнбағыс пен басқа да майлы дақылдарды өсіру бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің біріміз. Биыл облыста шамамен 500 мың гектар жерге майлы дақылдар егіледі, ал күтілетін өнім көлемі 600–700 мың тоннаны құрайды. Осы уақытқа дейін өңірде 50 мың тоннадан астам шикізатты өңдей алатын ірі май зауыттары болған жоқ. Қолданыстағы цехтардың қуаты шамамен бес мың тоннаны ғана құрайды. Бұл кәсіпорын іске қосылғаннан кейін осындай жобаларды Қалқаман кенті мен Шарбақты ауданында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қуаттылығы жылына бір миллион тоннаға дейін астық өңдейтін зауыт салу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Тағы бір ірі жоба картопты терең өңдеуге байланысты. Осы мақсатта мен Қытайға барып, 800 мың тонна картоп сақтай алатын және тәулігіне 300 тоннаға дейін мұздатылған фри картобын өндіретін ірі холдингтің жұмысымен таныстым. Павлодар облысында жылына 200 мың тоннаға дейін картоп өңдейтін өндіріс жобасы қарастырылуда, - деді Асайын Байханов.

Өңір басшысының айтуынша, Павлодар облысы дәстүрлі түрде индустриялық өңір саналады. Алайда бүгінде ол біртіндеп агроиндустриялық орталыққа айналып келеді. Ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы облыс экономикасының құрылымында барған сайын маңызды орын алып отыр.

«Kemenger may» ЖШС-нің құрылтайшысы Тарбиз Фараджевтың айтуынша, кәсіпорыс құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған. Өңірдің қатал климаттық жағдайларына байланысты белгілі бір қиындықтар туындағанымен, жоба белгіленген мерзімде толық аяқталды.

- Бұл облыс үшін өзара тиімді кәсіпорын болады деп ойлаймын, өйткені мұндай зауыттар өңірде көп емес. Ауыл шаруашылығы өндірушілері мен қайта өңдеушілер үшін шикізатты өткізудің тұрақты нарығы қалыптасады. Біз тазартылмаған суық сығымдалған май өндіреміз және өнім сапасына ерекше көңіл бөлеміз. Жылына 60 мың тоннаға дейін майлы дақыл тұқымдарын өңдеп, шамамен 25 мың тонна дайын өнім шығаруды жоспарлап отырмыз. Алдымен жергілікті нарықты қамтамасыз етіп, кейін Қытай мен Өзбекстанға экспорттауға дайынбыз, - деді Тарбиз Фараджев.

Қазіргі уақытта кәсіпорында техникалық іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, жабдықтарды толық баптауға 10–15 күн қажет, себебі әрбір пресс пен өндірістік желі жеке реттеуді талап етеді.

Алғашқы кезеңде зауытта 25 адамға дейін жұмыс орны ашылады. Болашақта өндіріс көлемі ұлғайған сайын қызметкерлер саны да артады.

Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Павлодар қаласының маңында майлы дақылдарды өңдеу кластерін қалыптастырудағы маңызды қадам болмақ. Май зауыты ауданның негізгі инвестициялық жобаларының бірі саналады. Мемлекеттік органдар инвесторларға инженерлік және көлік инфрақұрылымымен, сондай-ақ қажетті энергетикалық қуаттармен қамтамасыз ету арқылы жан-жақты қолдау көрсетуде.

Еске сала кетейік, тоғыз айдың ішінде Павлодар ауданының экономикасына шамамен 20 миллиард теңге инвестиция тартылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 23,3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған болатын.