Павлодар облысы Қазақстанның АӨК кешеніндегі инвестиция бойынша көшбасшы атанды
Өңір ауыл, орман және балық шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада бірінші орынға шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Finprom.kz аналитикалық порталының мәліметінше, облыстың агроөнеркәсіп кешеніне 51,3 миллиард теңге инвестиция салынған. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш. Салыстырмалы түрде қарасақ, Түркістан облысында инвестиция көлемі 35,1 миллиард теңгені, ал Солтүстік Қазақстан облысында 31,7 миллиард теңгені құрады.
Жалпы, Қазақстан бойынша қаңтар-наурыз айларында ауыл, орман және балық шаруашылығы саласына салынған негізгі капитал инвестициясының көлемі 207,5 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 82,2 пайызға көп.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер бағасы да өскен. 2026 жылдың сәуір айында көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,7 пайызға артқан. Павлодар облысында өндірушілер бағасының индексі 110,7 пайызды құрады.
Қазақстан бойынша бағаның ең жоғары өсімі мал шаруашылығы саласында тіркелді – 21,2 пайыз. Ал өсімдік шаруашылығында бұл көрсеткіш 8,3 пайызға жеткен.