Павлодарда балаларына бірнеше миллион қарызы бар әке ұсталды

Павлодарда балаларына бірнеше миллион қарызы бар әке ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол өз перзентіне бірнеше жыл алимент төлеуден жалтарып келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысында екі кәмелетке толмаған баласына бірнеше жыл бойы материалдық көмек көрсетуден жалтарған 46 жастағы ер адам ұсталды. Оның алимент бойынша қарызы 7 миллион 600 мың теңгеге жеткен.

Павлодар облысы полиция департаментінің көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартов жиналған қомақты қарыз тергеу бастауға негіз болғанын айтады.

– Алимент төлеуден жалтарып жүргендерді іздестіру облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауында. Жыл басынан бері өз балаларына алимент төлеуден бас тартқан 75 азамат анықталып, жауапкершілікке тартылды. Ата-аналық міндеттерді елемеу қатаң құқықтық салдарға әкелетінін білу маңызды, - деді ол.

Қанат Сартов алимент төлемейтін ата-ананы әкімшілік жауапкершілік — айыппұл, қоғамдық жұмыстар немесе әкімшілік қамауға алу жазасы күтетінін, ал қасақана және жүйелі түрде жалтарған жағдайда 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылғанын атап өтті.

Полиция қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарға заңнан жасырынбауға кеңес береді. Мұндай жағдайда төлем көлемін заңды түрде реттеу үшін сотқа немесе сот орындаушыларына дер кезінде жүгіну қажет, істі қылмыстық жауапкершілікке дейін жеткізбей.