Павлодарда ойын алаңында алкоголь ішкен тұрғындар айыппұл арқалайды

Олар адамдардың мазасын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Естай көшесіндегі үйдің тұрғыны полицияға қоңырау шалып, «көңілді» компания ауладағы балалар алаңында спирттік ішімдіктер ішіп, қала тұрғындарының ескертулеріне балағат сөздермен жауап қайтаратынын хабарлады.
Дәл осындай қоңырау Лермонтов көшесіндегі тұрғындардан да келіп түсті.
– Біздің аулада ойын алаңы бар, бірақ бұл алаң алкоголь ішетін клуб, мейрамхана немесе пабқа айналған сияқты. Қазіргі уақытта көше ыстық, терезелер ашық және алаңнан қатты дауысты әңгімелер мен мас күйінде ұрысулар жалғасуда, – деді азамат.
Осы екі дерек бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, әрқайсысына айыппұл салынуы тиіс, сондай-ақ жастармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Ағымдағы жылы облыс тұрғындарының 5695 алкогольдік ішімдік ішу фактісі немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болуы тоқтатылды.
Алкоголь өнімдерін пайдалануға тыйым салынған орындарға аулалар, кіреберістер, баспалдақ алаңдары, лифттер жатады. Сондай-ақ, олардың қатарына медициналық, білім беру мекемелері, мәдениет ұйымдары, барлық қоғамдық көліктер және азаматтар көп жиналатын өзге де орындар кіреді.