Павлодар тұрғыны адам өлтіріп, денесін көлге батырып жіберген
Екі азаматтың арасындағы жанжалдың соңы қайғылы оқиғамен аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сот залында Б-ға қатысты К.-ны өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
– Соттың анықтауы бойынша 2009 жылдың 6 шілдесінде масаң күйде болған Б., жанжал салдарынан К.-ны тұншықтырып өлтіріп, кейін денесін көлге батырып жіберген, – дейді соттың баспасөз орталығында.
Жауапкердің кінәсі сотталушының өзінің, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамасының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.
– Қылмыскер бұрын сотталған және жазасын түрмеде өтеген. Осыны ескере отырып, сот қылмыстардың жиынтығы бойынша Б.-ға қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеумен 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.