Павлодарда оқушылар айтысты
20-ға жуық жас айтыскер додаға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында жерлесіміз Мүбәрәк Жаманбалиновтың 100 жылдығына орай оқушылар арасында облыстық ақындар айтысы өтті. Ақындар сайысында облысымыздың түкпір-түкпірінен 18 жас ақын сынға түсті.
Аталмыш жыр додасы айтыс ақындары-жыршы-термешілердің Халықаралық одағы – Павлодар облыстық филиалы мен «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Үш айналымға созылған айтыстың қорытындысы бойынша, үшінші орын ақсулық Нұрбол Берхбол мен Иманғазы Қадырханға бұйырса, екінші орынға Атамекен кентінің намысын қорғаған Еркеш Қажет пен Шарбақты ауданының айтыскері Алина Жұмабекқызы табан тіреді. Бірінші орын Ы. Алтынсарин атындағы мектептің оқушысы Мейіржан Баршынбайға берілді. Ал бас жүлдені осы мектептің оқушысы Ибраһим Қазбек жеңіп алды.
Сонымен қатар, «Құдайберген Әлсейітов атындағы» арнайы жүлдені Ы. Алтынсарин атындағы мектептің оқушысы Алдияр Қайратқа, «Арман Қани атындағы» арнайы жүлде – «Жас дарын» мектебінің оқушысы Нұрлан Мәдиге, «Жас өркен» аталымы – баянауылдық Совет Жансерікке берілді.
Айта кету керек, бас жүлдеге – 150 мың теңге, бірінші орынға – 100 мың теңге, екінші орынға – 70 мың және үшінші орынға 50 мың теңге берілді.