Павлодарда «оңай ақша» уәдесімен 20-дан астам адам алданды

Павлодарда «оңай ақша» уәдесімен 20-дан астам адам алданды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Күдікті бөліп төлеу арқылы табыс табуды ұсынып, тұрғындарды қаржылық тұзаққа түсірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласында жедел қызметкерлер алаяқтық әрекеттермен айналысқан әйелдің қызметін тоқтатты. Ол тұрғындарға қомақты табыс уәде етіп, жалған схема арқылы ақша табуды ұсынған.

– Полиция анықтағандай, ол өз атына тіркелген жеке кәсіпкерлікке бөліп төлеу рәсімдеуді ұсынып, оны толық жауып беруге және «жалған» банк қызметкері арқылы дәл сондай көлемде бонус алуға уәде еткен. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оның алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен 20-дан астам қала тұрғыны анықталды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды, – деді қалалық Оңтүстік полиция бөлімінің бастығы Тимур Қаржаубаев.

Құзырлы орган өкілдері тұрғындарды күмәнді қаржылық ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Мамандардың айтуынша, «оңай ақша» туралы уәделер көп жағдайда алаяқтық схемалардың белгісі болуы мүмкін.