Павлодар облысында жол апатынан тағы да екі адам қаза тапты
Жол-көлік оқиғалары фактілері бойынша тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 қараша күні сағат 02.40-та Ақсу қаласында Абай - Молодежная көшелерінің қиылысында «Renault Symbol» маркалы автокөліктің жүргізушісі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, «Chevrolet Nexia» маркалы автокөлікпен соқтығысқан.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Renault» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Өкінішке орай, жолаушы ауруханада қайтыс болды, – деді департаментте.
Сол күні сағат 06.15-те Ақтоғай - Харьков автожолында ВАЗ-21134 маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік кюветке аударылып кеткен. Жүргізуші алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Автокөліктер арнайы айып тұрақтарына қойылды.
Биыл облыс жолдарында 409 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 67 адам қаза тауып, 506 адам жарақат алды.
Еске сала кетейік, 8 қараша күні сағат 21.00-де Астана - Павлодар автожолында «Лада» маркалы автомашинаның жүргізушісі қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай, өз машинасын жөндеп жатқан КамАЗ жүргізушісін қағып кеткен. Жүк көлігінің жүргізушісі мен «Лада» автомашинасының жолаушысы оқиға орнында алған жарақаттарынан жан тапсырды.
Павлодар облысының полиция департаменті жол қозғалысына қатысушылардан жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.