Павлодарда «Парасат» оқырмандар клубы алғашқы жеңімпазын анықтады
Қатысушылар Дулат Исабектің «Қарғын» романын талқылап, білімдерін сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана мен «Jebe» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен құрылған «Парасат» оқырмандар клубының алғашқы отырысы өтті. Алғашқы оқылымға 30-дан астам адам қатысқан.
«Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразбек Саяхаттың айтуынша, клубтың негізгі мақсаты – кітап оқуға қызығушылық танытатын адамдардың басын қосып, оқырмандық мәдениетті дамыту.
– Кітапты талқылау екі кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушыларға 30 сұрақтан тұратын жазбаша тест ұсынылып, оған жауап беруге бес минут уақыт берілді. Екінші кезеңде оқырмандар шығарма туралы пікірлерін ортаға салып, кітаптан түйген ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, талқылау барысында сарапшылар қатысушыларға қосымша сұрақтар қойды, – деді ол.
Байқау қорытындысы бойынша ақын Алтай Қадірбек бірінші орын алып, 50 мың теңгенің иегері атанды. Ал Фарида Атахай мен Зерде Атахай ынталандыру сыйлығына ие болып, «Tulpar pvl» ат орталығына сертификат алды.
Жеңімпаз Алтай Қадірбек алғашқы оқылымның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның сөзінше, қатысушылардың арасында шығарманы бұрын оқығандармен қатар, оны бірнеше рет қайталап шыққандар да болған.
– Бүгінгі сайыс өте жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Қатысушылардың барлығы кітапты жақсы оқып келген. Кейбірі бұл шығармамен студент кезінен таныс болса, енді бірі оны бірнеше рет оқыған екен. Тест сұрақтары да, кітапты талқылау кезеңі де ұтымды ұйымдастырылды. Жалпы, кітап оқудың маңызы зор. Президентіміздің «Оқитын ұлт» жобасын бастауы да бекер емес деп ойлаймын. Кітап оқымаған ұлт қараңғылыққа бет алады. Сондықтан сауаттылыққа, білім мен жарыққа ұмтылып, көбірек оқығанымыз дұрыс, – деді Алтай Қадірбек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Парасат» клубының кезекті кездесуі екі аптадан кейін өтеді. Бұл жолы қатысушылар Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасын оқып келуі керек.
Кітап талқылауына қатысуға ниетті оқырмандар +7 (707) 996-03-02 нөміріне хабарласа алады.