Павлодарда Павел Васильев мұрасы қазақша қайта жаңғырды
Жинаққа қаламгердің таңдаулы туындылары енген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада XX ғасырдың көрнекті қаламгері Павел Васильевтің өлеңдері қазақ тіліне аударылған «Палящее слово – жалын атқан жыр» атты қос тілді басылымның тұсаукесері өтті.


Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралханның айтуынша, Павел Васильевтің мұрасын қазақша сөйлету оңай болмаған. Бұған дейін оның жекелеген туындыларын Жұматай Жақыпбаев, Исраил Сапарбай, Иран-Ғайып және басқа да қаламгерлер аударған.
– Ақынның мұрасын аудару мен үшін, ең алдымен, павлодарлық жерлесіміз болғандықтан маңызды болды. Оның туындыларында дала, қазақ тақырыбы, салт-дәстүр және махаббат лирикасы ерекше орын алады. Басылымдағы басты жаңалықтардың бірі – «Тұз бүлігі» поэмасының толықтай қазақ тілінде жариялануы, – деді ол.
Павел Васильев поэзиясын қазақ тіліне аудару 1968 жылы басталған. Кейін бұл іске 1980 жылдары қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері, ал 1990 жылдары Ұлықбек Есдәулет бастаған қаламгерлер қосылды. 2020 жылы Ержан Алаштуған Васильевтің бірқатар көлемді туындылары мен поэмаларын қазақшаға аударған.

Басылымның жарық көруіне Омбыдағы руханият пен мәдениетті қолдау қоры – Полежаев қоры демеушілік жасаған. Қор президентінің айтуынша, бұл бастамаға суретші Виктор Поликарповтың өтініші себеп болғанын айтты.
– Виктор Поликарповпен жақсы таныс болдым. Өмірден өтер алдында ол менен Павел Васильевті басып шығаруды өтінді. Алайда оны жай ғана бір өтінішті орындау үшін шығару дұрыс емес деп ойладым. Васильевтің тұлғасы мен поэзиясы бұдан әлдеқайда тереңірек таныстыруды қажет етті. Кейін Юрий Поминовтың кітабының тұсаукесерінде Поликарповпен кездесіп, оның шеберханасына бардым. Сол жерде бәрі өз орнына түсті. Суретшінің еңбектері Васильев поэзиясының тереңдігі мен өткірлігін жеткізетінін түсіндім, – деді Омбы облысының бұрынғы губернаторы және «Рухани мұра» аймақтық қоғамдық қорының президенті Леонид Полежаев.
Басылым жалпы 600 данамен жарық көрді. Оның 300 данасы Павлодар облысына бөлінсе, қалған бөлігі Омбыдағы қазақ диаспорасының өкілдеріне таратылады. Осылайша кітап екі өңірдегі оқырманға ұсынылмақ.
Қор өкілдері бұл арқылы қаламгердің мұрасын қазақ оқырманына кеңірек танытуды мақсат еткен. Павел Васильев ұзақ уақыт бойы көп айтыла бермеді.
– Ол Есенин, Маяковский сияқты өз деңгейіндегі ірі тұлға болуға лайық. Қазақ оқырманы оның көркемдік шеберлігін бағалайды деп ойлаймын, – деді Полежаев қоры басқарма төрағасы Ольга Макарова.
Екі тілдегі басылымның тағы бір ерекшелігі – Павлодармен байланысты үш шығармашылық тұлғаның мұрасын тоғыстыруы. Васильевтің түпнұсқа өлеңдері мен олардың қазақша нұсқаларын Айбек Оралхан әзірлеген. Ал көркемдік бөлігін суретші Виктор Поликарповтың еңбектері толықтырған.

Суретші 1972 жылдан бастап Васильевтің өлеңдеріне иллюстрация жасап келген. Басылымға оның 24 туындысы енгізілді. Виктор Поликарпов өмірден өткеніне қарамастан, кітапты әзірлеу барысында өз ой-пікірін білдіріп, оған алғысөз жазған.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова тұсаукесердің екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы маңызын атап өтті.
– Павел Васильевтің туындылары арқылы біз қазақ тілінде шын талантты қаламгердің үнін естиміз. Оның поэзиясы туған жердің қуатын, кеңдігін және ерекше рухын жеткізеді. Бұл аударма – орыс пен қазақ халықтарының рухани байланысын жалғайтын маңызды көпір, – деді Айгүл Мәлікова.

Кездесу барысында облыс әкімінің атынан қонақтарға шапан мен арнайы портрет-картина сыйға тартылды.