Цифрлық археология: Павлодарлық ғалымдар дала мұрасын қалай сақтап жүр

Цифрлық археология: Павлодарлық ғалымдар дала мұрасын қалай сақтап жүр
фото: Константин Шелков

Енді ежелгі дәуірге қол тигізу үшін шексіз даланы шарлау міндетті емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері «Павлодар- Ертіс өңірінің мәдени мұрасын зерттеу және сақтау бойынша заманауи технологиялар» жобасын жүзеге асырды. Оның мақсаты көне ескерткіштерді тек келешек ұрпақ үшін емес, ғылым үшін де сақтау. Мамандар жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізіп, археологиялық нысандарды 3D форматта сканерледі.

Музейдің табиғат, палеонтология және археологияның ғылыми-зерттеуін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Георгий Пересветовтің айтуынша, ескерткіштерді цифрлық форматқа көшіру туралы шешім қабылданған.

Әлемдік тәжірибеде археология мен тарих ескерткіштерін компьютерлік нұсқада сақтау үшін сканерлейді. Мысалдар көп: Санкт-Петербургтегі Эрмитаж, Нью-Йорктегі Метрополитен музейі, Лувр. Тіпті Париждегі Нотр-Дам-де-Пари шіркеуі өрттен кейін 3D модельдер арқылы қалпына келтірілді. Біз фотограмметрия әдісін таңдадық, бұл арзан әрі нысанның микронға дейінгі ұсақ бөлшектерін сақтауға мүмкіндік береді. Әсіресе, үлкен нысандармен жұмыс істегенде бөлшектері дәл беріледі. Ал 3D сканерлер қымбат және оның бағдарламалық шектеулері бар, деп түсіндірді Георгий Пересветов.

Археолог бұл технологияның мүмкіндігін Баянауылдағы Кемпіртас жартасын мысалға келтірді. Фотограмметрия арқылы оның дәл цифрлық көшірмесі жасалып, 3D-принтерде басылып шықты. Нәтижесінде әдемі кәдесый пайда болды.

Ескерткіштерді цифрлау шетелдік зерттеушілер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Себебі Қазақстанға экспедициямен келу қымбатқа түсетін шаруа. Мысалы, Барнауыл ғалымдары Баянауылдағы тас мүсіндерге қызығушылық танытуда. Павлодарлық археологтар оларға төрт 3D модель жіберіп, арнайы сайтқа орналастырды.

Ғылыми зерттеуге жарамды 3D модель жасау үшін нысанның кем дегенде 100 фотосуретін түсіру қажет.

Біз жартастағы тоғыз суретті, ерте темір дәуіріне жататын тоғыз тас стеланы және 26 мүсінді сканерледік. Шын мәнінде түсірілген нысандар саны одан да көп, бірақ цифрлық нұсқада әзірге осы көлем қолжетімді. Жұмыс жалғасуда. Павлодар облысы аумағында ғылымға белгілі 46 ескерткіш бар. Барлық нысандар шалғайда орналасқан, сапалы сурет алу үшін ауа райына бейімделуге тура келеді. Мен көбіне бұлыңғыр күндерді таңдаймын, сол кезде көлеңке болмайды, ал нысан біркелкі шығады. Әдетте күзде, белгілі бір кезеңде түсіреміз. Бір ескерткішке екі-үш күн кетеді, ал бір нысанды өңдеуге компьютерге 12 сағаттан екі тәулікке дейін уақыт қажет, деп бөлісті археолог.

Қазіргі таңда музей сайтында бірнеше 3D модель қолжетімді. Басымдық ғылыми цифрлауға берілген. Десе де сайт қоры біртіндеп толықтырылатын болады. Жартастағы суреттер мен мүсіндерден бөлек, көне жәдігерлерді: керамика, құрбандық тастары, қару-жарақ, тастарды сканерлеу де жоспарда бар.

Тас ескерткіштерді іздеу жұмыстары да жалғасуда. Ғалымдардың айтуынша, мүсіндер көбіне Баянауыл ауданында кездеседі, ал тас стелалар Екібастұз ауылдық аумағы және Май аудандарында шоғырланған.