Павлодарда полицей боламын деушілерді қандай жалақы күтеді

Павлодарда полицей боламын деушілерді қандай жалақы күтеді
Фото: Константин Шелков

Ішкі істер органдарына кадрларды іріктеу бойынша тоқтамайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Жандос Орынбаев егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, жаңа ғана погон таққан учаскелік полицей алғашқы жылы-ақ 278 116 теңге көлеміндегі жалақыға ие болады. 

- Жедел қызметкер, тергеуші, криминалист, батальон қызметінің инспекторы – 189 281 теңге алады, ал арнайы жасақ инспекторы алғашқы жылы-ақ 300 366 теңгеге ие болады, - дейді Жандос Орынбаев. 

Одан бөлек, полиция қызметкерлерінің барлығы әрбір отбасы мүшесіне шаққанда ай сайын қосымша 68 886 теңге баспана төлемін алады. 

2025 жылғы 1 қарашадан бастап республика көлемінде ішкі істер органдарына қабылдау бойынша «Qyzmet-police.kz» сайты арқылы онлайн-сервис іске қосылды. Аталған платформа азаматтарға ІІО-ға қызметке орналасу үшін онлайн форматта өтінім беруге мүмкіндік береді. Бұл платформа кандидаттың онлайн түрде қызметке қабылдануының барлық кезеңдерін қамтиды: өтінім беру, әскери-дәрігерлік комиссиядан өту, полиграфологиялық зерттеу және конкурстық комиссиядан өту.

- Баршамызға белгілі, Павлодар облысы – өнеркәсіптік өңір. Жастардың басым бөлігі жоғары жалақысы бар және жұмыс уақыты нақты белгіленген кәсіпорындарда еңбек етуді қалайды. Осыған қарамастан, жастармен кәсіби бағдар беру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, жалпы білім беретін мектептердің бітіруші сынып оқушыларымен кездесулер және ашық есік күндері ұйымдастырылуда, - дейді полицей.

«Торайғыров университетімен» меморандум жасалып, оның аясында «Жас заңгер» заң клубы құрылды. Аталған клуб шеңберінде құқықтану кафедрасының студенттері тергеушілер мен криминалистердің жұмыс дағдыларын меңгеріп, болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Полиция формасын киіп, қазақстандықтардың заңды мүдделерін сақтап, қоғамдық тәртіпті қорғап, елдегі тыныштықты сақтаймын деушілер жұмысқа орналасу мәселесі бойынша 39-10-80, 39-10-81, 39-10-72 телефон нөмірлеріне хабарласа алады.