Қоғамдық орындарда ішімдік ішкен павлодарлықтар жауапқа тартылды

Тәртіп сақшылары мұндай құқық бұзушылық үшін айыппұл қарастырылғанын еске салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 1846 азамат қоғамдық орындарда ішімдік ішкені немесе мас күйінде болғаны үшін жауапқа тартылды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, құқық бұзушылықтардың, қылмыстардың және жазатайым оқиғалардың басым бөлігі алкогольдің әсерінен жасалады.
Мысалы, Желтоқсан көшесіндегі дүкен маңында күдікті ер адамның тұрғаны туралы қала тұрғыны хабарлады. Торайғыров көшесінде әйел адам аулада жатқан ер адамды байқаған. Ломов көшесіндегі асхананың жанында тағы бір мас азамат жатқан. Торайғыров көшесіндегі үйдің тұрғындары полицияға қоңырау шалып, орындықта екі адамның алкоголь ішіп отырғанын хабарлады.
– Көрсетілген мекенжайларға жеткен тәртіп сақшылары ер адамдардың мас күйінде болғанын анықтап, оларды Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – делінген хабарламада.
Өңір тұрғындарына қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішіп немесе мас күйінде жүргені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде бұл құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі 10 АЕК (39 320 теңге) болады.
Ведомство құқық бұзушылықтың куәсі болған жағдайда, 102 нөміріне қоңырау шалу, «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы хабар беру немесе Instagram-парақшаға ақпарат жолдау қажеттігін еске салды.