Павлодарда рәміздер күніне орай автошеру өтті
Мемлекеттік рәміздер алаңында ту көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі.
Қаланың орталығында мемлекеттік рәміздер ұлықталып, мерекелік шара Әнұранмен басталды. Облыс әкімінің бұйрығымен ту көтерілді.
Айтулы мерекеге ақ жаулықты аналар да қатысты.
- Бүгінгі қаламызда өтіп жатқан айтулы мейрамға Қызылорда, Семей, Астана, Павлодар қаласынан келген аналарымыз келіп отыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Туымыз, байрағымыз биік болсын. Осындай елде тұрғанымызға өте қуаныштымыз,- деді «Нұра-Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігінң төрайымы Бақытжамал Максилова.
Шара әскери қызметкерлердің сап түзеуімен жалғасып, аймақ басшысының 16 жасқа толған жасөспірімдерге жеке куәлік табыстаумен аяқталды.
- Бүгін әкім маған жеке куәлігімді табыстады. Өте қуаныштымын. Енді мен Қазақстан Республикасының толыққанды азаматымын,- дейді оқушы Алдияр Қасенов.
Сондай-ақ, оқушыларға 4 томыдық «Абай жолы» кітабы сыйға берілді.
Шарадан кейін автошеру ұйымдастырылды. Көліктер мемлекеттік тулармен қаланы шарлап, шеру жасады.