Павлодарда рақымшылыққа кімдер ілікті?
Заңды тұлғалар жеңілдікке енген жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық аясында 100-ден астам Павлодарда салық төлеушінің жалпы сомасы бес миллион теңгеден асатын әкімшілік айыппұлы есептен шығарылды. Алайда бұл мүмкіндік барлық азаматтарға бірдей берілмейді.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті заң басқармасының басшысы Әсем Дүйсембекованың айтуынша, аталған шара тек мемлекеттік кірістер органдары салған әкімшілік айыппұлдарға қатысты жүзеге асырылады.
– Рақымшылық жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын тұлғаларға, жеке сот орындаушыларына және медиаторларға қолданылады. Ал заңды тұлғалар бұл жеңілдікке жатпайды. Сонымен қатар, сот қаулысымен салынған әкімшілік айыппұлдар да есептен шығарылмайды, – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, рақымшылық мемлекеттік кірістер органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігін қамтиды. Дегенмен арнайы салық режимдерін бұзу, салықтық тексеру кезінде анықталған заң талаптарын бұзу, салық салу объектілерін жасырған немесе белгіленген мерзімде көрсетпеген жағдайлар бойынша салынған айыппұлдар кешірілмейді.
Бұл шара тек бірінші шілдедегі жағдай бойынша өтелмеген әкімшілік айыппұлдарға қатысты қолданылады. Ал екінші шілдеден кейін туындаған берешектер заң талаптарына сәйкес келмейді.
Айыппұлдарды есептен шығару әкімшілік айыппұлдардың бірыңғай тізілімі (ЕРАП) арқылы автоматты түрде жүргізілді. Сол себепті азаматтарға өтініш беру немесе мемлекеттік кірістер органдарына арнайы бару қажет емес. Егер қандай да бір сәйкессіздік байқалса, тұрғылықты жері бойынша аумақтық мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласуға болады.
Қазіргі таңда ЕРАП жүйесі арқылы жүргізілген талдау нәтижесінде талаптарға сәйкес келген 100-ден астам салық төлеушінің айыппұлдары жойылды. Бүгінде рақымшылыққа жататын қосымша тұлғалар анықталған жоқ.
Әсем Дүйсембекова бұл бастаманың республика көлемінде іске асырылып жатқанын атап өтті. Оның шеңберінде тек салық және кеден органдарының емес, кейбір жағдайларда ішкі істер органдары салған әкімшілік айыппұлдарға да жеңілдік қарастырылған.
– Соңғы жылдары өңірде салық мәдениеті едәуір жақсарды. Егер бұрын жыл сайын шамамен 15 мың әкімшілік айыппұл рәсімделсе, қазір олардың саны 2-3 мыңнан аспайды. Бұған құқық бұзушылықтардың азаюы, алғаш жасалған көптеген заң талаптарын бұзушылықтар бойынша айыппұлдың орнына ескерту берілуі және жаңа салық кодексіндегі өзгерістер ықпал етті, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, қолданыстағы салық кодексіне сәйкес, егер салық төлеуші декларацияны белгіленген мерзімде ұсынбаса, мемлекеттік кірістер органдары оны автоматты түрде нөлдік көрсеткіштермен тапсырады. Осыған байланысты декларацияны уақытында тапсырмауға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар қазіргі таңда іс жүзінде кездеспейді.