Павлодарда республиканың жас педагогтері көшбасшылық қасиеттерді арттыруда

Павлодарда республиканың жас педагогтері көшбасшылық қасиеттерді арттыруда
Фото: автор

Екі күнге жоспарланған бағдарлама жас буынға болашақта қоғамда белсенді азамат ретінде қалыптасуына серпін береді деп күтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Оқушылар сарайында алғаш рет мектеп парламенттері көшбасшылары мен олардың жетекшілеріне арналған республикалық білім беру интенсиві өз жұмысын бастады. Республикалық деңгейдегі шараға еліміздің барлық 20 өңірінен делегациялар келді. Шараны республикалық оқу-әдістемелік білім беру орталығы ұйымдастырды. Іс-шара облыста өтіп жатыр.

– Интенсивтің негізгі мақсаты – Қазақстан мектептеріндегі белсенді оқушылардың көшбасшылық әлеуетін арттыру, мектеп парламенттерінің жұмысын жандандыру және еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастар арасында тәжірибе алмасу алаңын құру, – деді облыс бойынша мектеп парламенттерінің үйлестірушісі, Оқушылар сарайының әдіскері Айжан Оразбаева. 

Бағдарламаға сәйкес қатысушыларды: тимбилдинг алаңдары, түрлі тақырыптағы тренингтер мен мастер-кластар, модераторлық сабақтар, мәдени іс-шаралар, сондай-ақ арнайы рефлексиялық сессиялар күтуде.

– Биылғы интенсивтің басты ерекшелігі – оқушылармен қатар делегация жетекшілеріне де арналған жеке білім беру алаңының ашылуы. Біз әр баланың бойындағы лидерлік қабілетті ашып, оны дамытуға жағдай жасауға тырысамыз.  Мұнда жетекшілер көшбасшылықты қолдау тетіктерін үйреніп, жаңа тәжірибе жинақтайды, – дейді Айжан Оразбаева. 

Республикалық деңгейдегі шараға еліміздің барлық 20 өңірінен делегациялар келді. Жалпы құрамда 80 оқушы-лидер және 20 жетекші бар. Әр аймақтан төрт оқушыдан іріктеліп алынған. Бұл – ауылдық жерлердегі оқушыларды да қамтуды көздеген бастама.

Екі күн бойы қатысушылар түрлі тақырыптағы білім беру алаңдарында жұмыс істеп, бір-бірімен тәжірибе алмасады.

Шараға Түркістан қаласынан келген 10-сынып оқушысы Аружан Рысдәуле өз әсерімен бөлісті.

– Бұл жерден ең бірінші кезекте адамдармен тіл табысуды үйреніп жатырмын. Әр бала – әртүрлі, ал сөйлесу барысында олардың жақсы қасиеттерін бойыңа сіңіруге болады. Мұнда жеке жетістік емес, бірлік басты екенін түсінесің, – деді ол. 

Ал Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің президенті Серік Бағымжан өз жобасы жайлы айтып өтті.

– Бұл шара бізге үлкен мүмкіндік сыйлап жатыр. Біз көшбасшылықты тек сөзбен емес, нақты іспен көрсетуді үйренудеміз. Өзім авторлық кітабымды жазып шықтым, патриоттық бағыттағы жобаларды іске асырып жүрмін. Мұндай интенсивтер бізге тәжірибе алмасуға жол ашады, – деді өз сөзінде. 

Айжан Оразбаеваның айтуынша, шара соңында қатысушыларға арналған символикалық рефлексиялық сессия – «ДНК: Действие, Наставничество, Команда» өтеді. Мұнда әр қатысушы бірлік пен көшбасшылықтың маңызын айшықтайтын ерекше инсталляцияға қатысып, Павлодардан естелік ретінде қазақтың дәстүрлі асығын алып кетеді.

Республикалық білім беру интенсиві – Қазақстанның жас көшбасшыларына өзін-өзі дамытуға, жаңа достар табуға және тың идеялар алмасуға жол ашатын ерекше алаң.