Павлодарда сабантойға Татарстаннан танымал әнші келді

Павлодарда сабантойға Татарстаннан танымал әнші келді

Қалалық мәдениет және демалыс  саябағында «Бір шаңырақ астында» фестивалі аясында облыстық ҚХА татар-башқұрт мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Сабантой» мерекесі өтті, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz. 

Мерекелік шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің төрағасы Элина Паули қатысып, сөз сөйледі.

– Мерекеге облысымыздың Екібастұз қаласы мен барлық аудандарынан қонақтар келді. Қазақтың кең даласында бір шаңырақ астында 100-ден астам ұлт тату-тәтті өмір сүруде. Олардың бәрінің басын біріктіріп отырған институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Осы бірегей қоғамдық институттың арқасында барлық этнос өкілдері  бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр, – деді  «Қоғамдық келісім» КММ медиа қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжанат Иманғазина.

Салт-дәстүрі мен сән-салтанаты жарасқан мерекелік шарада татар халқының ән-жырлары шырқалып, ұлттық ойындарынан сайыс ұйымдастырылды. 

Сабантойға Татарстаннан арнайы келген танымал әнші Сүмбеле Яркаеваның орындаған әсем әні думанды тойды дүбірлетіп, саябақты сәнге бөледі. Мерекеде  аудандардан келген өнерпаз ұжымдар ортаға шығып, концерттік бағдарламаны жалғастырды. Сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрме-сатылымы ұйымдастырылып, балалар үшін спорттық ойындар өткізілді.

Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Қымбат Дощанова  еліміздің дамуына үлесін қосып отырған азаматтарды облыстың ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының атынан Алғыс хаттармен марапаттады. Павлодар облысы ҚХА татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы, ҚХА мүшесі Рустам Мазгутов аудандардан келген азаматтарға Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаттарын табыс етті.