«Павлодар-Астана» тас жолындағы кейбір қоршауларды алып тастау ұсынылды
Бұл республикалық жолдың қар басқан учаскелеріндегі қысқы кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Олег Трещев мәлім етті.
– Біз қар басатын 257 аумақты анықтадық. Мысалы, Шідерті, Успен, Баянауыл аудандарында қар үйіліп қалады. Әсіресе, техника көп өтетін жерлерде бұл жағдай қиындық тудырады, – дейді спикер.
Кептеліс кезінде көліктерді қар құрсауынан құтқару үшін оқиға орнына жылу пунктінің вахталық бригадасы, арнайы техникалар, бульдозерлер, тракторлар жіберіледі. Жол тазартылғаннан кейін көлік қозғалысы қалпына келтіріледі.
– Қар басатын аумақтардағы кедергілерді алдын ала алып тастаса, мұның барлығын болдырмауға болады, – дейді ол.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері қар кептелісінен адамдарды құтқаруға тура келетін жағдайларды болдырмау үшін көлік жүргізушілеріне қолайсыз ауа райында қаладан шықпау жөнінде ескертті.
Еске сала кетейік, қысқы маусымға жергілікті атқарушы органдар 171 жылыту пунктін дайындады.