Павлодарда салынып жатқан аквапаркте аттракциондар орнатылуда

Павлодарда салынып жатқан аквапаркте аттракциондар орнатылуда
Фото: Валерий Бугаев

Асайын Байханов Павлодарда іске асырылып жатқан жобалардың барысын көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алдымен өңір басшысы «HAGI-Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан аквапарк нысанына барды. 1,7 гектар аумақта бой көтеріп жатқан демалыс орталығының құны 10 миллиард теңгені құрайды. Келушілерді күн сайын 400 адамға дейін қабылдау жоспарланған.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған. Нысанда су аттракциондарын орнату жүргізіліп жатыр, кейін ішкі әрлеу жұмыстары басталады. Жобаны 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін аяқтау көзделген.

Бұдан кейін Асайын Байханов Павлодарское ауылындағы «АКВА ФЕРМА ПВ» балық өсіру фермасына барды. Ферма 2023 жылдан бері бекіре тұқымдас балықтарды – бекіре мен қызылбалық өсірумен айналысып келеді.

Жобаға 300 миллион теңге инвестиция салынған. Ферманың жылдық қуаттылығы – 40 тонна. Екінші өндірістік желі іске қосылғаннан кейін бұл көлемді 30-35 пайызға арттыру жоспарланып отыр.

– Мұндай жобалар ауылдық жерлерде жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді. «АКВА ФЕРМА ПВ» – инновация мен тиімді басқарудың тұрақты нәтижелер беретін жарқын мысалы. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын құрып, отандық азық-түлік әлеуетін нығайтады, – деді өңір басшысы.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Асайын Байханов жергілікті атқарушы органдарға жаңа технологияларға инвестиция құятын, жұмыс орындарын ашатын және сапалы отандық өнім өндіретін кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыруды тапсырды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @pavlodar_region