Павлодарда сарбаздарды үйлеріне құрметпен шығарып салды
6679 әскери бөлімінде жүзден астам сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Оларды құрметпен шығарып салу рәсімі салтанатты түрде «Достық үйінде» өтті. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, бір жыл бойы әскери өмірде шыңдалған мерзімдік қызмет әскери қызметшілер көп жылдық тарихы бар әскери ортада берілген тапсырмалар мен қызметтік міндеттерді орындау барысында асқан жауапкершілік таныта білді.
Іс-шара барысында оларға әскер қатарынан босату туралы бұйрық жарияланып, грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Әскер басшылығы, сондай-ақ «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің, ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ерекше сәттердің бірі – Алматыдан келген бір сарбаздың анасына ақ жаулықтың табысталуы болды.

Бұл – аналық ақ тілектің, батаның және ұлының азаматтық борышын абыроймен өтегені үшін отбасының ризашылығының нышаны.
– Отан алдындағы борышын өтеп шыққан жігіттер Абай, Қарағанды, Қостанай, ШҚО өңірлерінен шақыртылған болатын. Сарбаздардың біразы өмірлерін әскери саламен байланыстыруға ықылас танытуда. Әзірше, он екі азамат келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыруға ниет білдірді, – дейді әскери бөлім командирінің орынбасары майор Назбек Мәліков.
Әскери бөліммен қоштасқан онға жуық сарбаз жоғары оқу орнын арналған білім грантының иегері атанды. Әскерге бару арқылы тегін білімге жол ашқан мерзімді әскери қызметшілер өз бөлімшелерімен қоштасып, жаңа өмірге қадам баспақ. Сарбаздардың келесі легі Абай, ШҚО өңірлерінен және Астана қаласынан желтоқсан айынан соңына таман әскер қатарына алынбақ. Әскери қызметшілердің айтуынша, сарбаздар Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде моральдік сондай-ақ физикалық жағынан шыңдалып, өзіне жүктелген барлық қызметтік тапсырманы жоғары деңгейде орындаған.
Өткен жылдың желтоқсанында әскерге шақырылған жас сарбаздар белгіленген қызмет мерзімін абыроймен аяқтап, енді үйлеріне оралуға дайын.
Іс-шараның жылы қорытындысына айналған концертте «Атамекен» әні шырқалып, туған жерге деген құрмет пен алғыс сезімі көрініс тапты.