Павлодарда семіздікке шалдыққан екі тұрғынға тегін ота жасалды
Олар дәрігерлердің қаралуында әлі бір жыл жүреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар теміржол ауруханасында дәрігерлер семіздік кезінде асқазанды кішірейту үшін ота жасаған. Ақ халаттылар науқастардың жағдайын бір жыл бақылайтын болады. Енді әйел адамдарға тамақтану режимін түбегейлі өзгертуге тура келеді.
– Біздің аурухананың дәрігерлері облыста бірінші болып лапароскопиялық оталарды жасай бастады. Артық салмақ хирургиясы немесе бариатри– бұл семіздікпен ауыратын науқастардың денсаулығын жақсартуға бағытталған медицинаның заманауи бағыты,– деді хирург Игорь Ли.
Оның сөзінше, осындай ота жүргізгеннен кейін науқас артық дене салмағының 70-80%-ын жоғалтады.
– Баламды туғаннан кейін күрт салмақ жинай бастадым. Жаттығу кезінде төменгі арқадағы ауырсыну пайда болып, қысымым көтеріле берді. Мен әртүрлі диеталарды қолданып көрдім, бірақ салмақ өсе берді,–деп бөлісті 31 жастағы павлодарлық тұрғын.–Максималды салмағым –117 кг болды. Салмақ түсіргенде шыдай алмай, қайта салмақ қоса бердім. Дәрігерлер хирургиялық емдеуді ұсынған бойда, мен келістім. Салмағым айтарлықтай түсті, қазір мен өте ризамын.
Дәрігерлердің сөзінше, әйел адам альвеолярлы гиповентиляциямен шектен тыс семіздікпен жоспарлы түрде ауруханаға түсті.
– Бұл семіздіктің ауыр сатысы. Жай ғана артық тамақтану ғана емес, бұл–семіздік. Адам артық салмақтан өздігінен арыла алмайды. Яғни, осы ауру кезінде ешқандай да заманауи диеталар көмек етпейді,– деді Игорь Ли.
Асқазанды лапароскопиялық айналып өту сияқты қымбат оталар МӘМС шеңберінде жоспарлы түрде жүргізіледі. Қазақстанда тұрғындарының 20% - дан астамы семіздікке шалдыққан, ал бұл өз кезегінде атеросклероз, гипертония, инфаркт, инсульт, қант диабеті, асқазан-ішек патологиясы, артрит, репродуктивті функцияның бұзылуы және басқа да көптеген аурулардың дамуына түрткі болады. Ауыр жағдайларда дәрігерлер хирургиялық араласуға жүгінеді.
– Кез-келген оталарда науқаста белгілі бір қауіптер болуы мүмкін. Адам толық тексерілген, дайындалған және ең бастысы – отадан кейін барлық ұсыныстарды орындауға дайын болса, тәуекелдер азаяды. Бариатриялық отадан кейін адам тамақтану режимін және шын мәнінде бүкіл өмірін толығымен қайта құруы керек,– деді Игорь Ли.
«ӘМСҚ» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Жангелді Шайымбетовтың сөзінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі барлық сақтандырылған азаматтар үшін кірістер мен аударымдардың мөлшеріне қарамастан сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.