Павлодарда серпіндіктердің жартысынан көбі өңірде тұрақтап қалған

Павлодарда серпіндіктердің жартысынан көбі өңірде тұрақтап қалған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Серпін» бағдарламысы бойынша оңтүстіктен келген жастар екі жоғары оқу орнында білім алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университеті және Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде аталмыш бағдарлама бойынша білім алатын студенттердің саны – 296. Оның ішінде 18-і  – Торайғыров университетінде.  Ал ағымдағы жылы университет алты адамды қабылдаған.

– «Серпін» бағдарламасы бойынша 2021-2023 жылдар кезеңінде 367 адам білім алды.  Оның ішінде өңірде 196 адам жұмысқа орналастырылды, – деді облыстық білім беру басқармасында. 

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті жобаға 2014 жылдан бері қатысып келеді. Бүгінгі таңда бағдарлама бойынша 278 студент білім алуда. 2024 жылы оқуға 58 студент қабылданған. 

Ал, Инновациялық Еуразия университеті жобаға 2016 жылы қатысып,  30 адамды қабылдады. 2020 жылы барлық студенттер университетті аяқтап, 50 пайызы жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар, өңірде 22 мыңнан астам адам контингенті бар 42 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары жұмыс істейді.

– Облыстың техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы «Серпін» жобасы 2014 жылдан бастап іске асырылып, қазіргі уақытта аяқталды. Сол сегіз жыл ішінде 972 адам білім алды. Жалпы 739 адамды оқуды аяқтап, оның 223-і аймақта тұрақтап қалды, – деді басқармада.

Бұл ретте, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің базасында өңірлік жобалық кеңсе құрылған. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, үш өңірлік университеттің проректорлары, колледж басшылары, еңбек ұтқырлығы орталығы және жұмыс берушілер кірді.

Бүгінгі таңда Павлодар облысында «Серпін» жобасын іске асыру бойынша ұйымдастырушылық іс-шаралардың өңірлік жоспары, яғни жол картасы бекітілген.

Сондай-ақ, 2025 жылғы ақпаннан шілдеге дейін жобалық кеңсе өкілдерінің кәсіптік бағдар беру жұмысы үшін жұмыс күші артық өңірлерге шығуы жоспарланған.