Павлодарлық дәрігерлер балаларға паллиативтік көмек көрсетудің заманауи тәсілдерін үйренді

Павлодарлық дәрігерлер балаларға паллиативтік көмек көрсетудің заманауи тәсілдерін үйренді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шараға педиатрлар, невропатологтар мен онкологтар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кардиологиялық орталықта «Балаларға паллиативтік көмек көрсетудің заманауи тәсілдері: инновациялар, практикалық әдістер және мультидисциплинарлық команданың рөлі» атты халықаралық шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Іс-шараға 44 медицина қызметкерлері қатысты. Атап айтқанда: педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, невропатологтар мен онкологтар. Сабақтар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен және ERG компаниясының қолдауымен өтті.

Лекцияларды Ресейдің жетекші мамандары – Н.И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медицина университетінің профессоры Елена Полевиченко мен «Подари жизнь» қайырымдылық қорының паллиативтік қызметінің директоры, онколог-дәрігер Алексей Пшонкин өткізді.

Мамандардың айтуынша, көмектің бұл түрі тек емдеу емес, өмір сапасын жақсарту жолы. 

– Бұл көмек ауыр, емделмейтін дертке шалдыққан балаларға қажет. Ол тек медициналық ем ғана емес, бүкіл отбасыға көрсетілетін психологиялық, әлеуметтік және эмоциялық қолдауды да қамтиды. Біз мұны «өмір сапасының медицинасы» деп атаймыз, – деді Елена Полевиченко.

Өз сөзінде профессор назар баланың өзіне ғана емес, бауырларына да көңіл бөлу керектігін алға тартты. Көп жағдайда ата-аналардың басқа балаларының сабақтарына, өмірлеріне уақыт бөлуге күштері жетпейді. Осы сәтте ақ халатты жандар оларға көмек қолын созу керек.

Үш күндік оқу барысында дәрігерлер паллиативтік көмекті қажет ететін науқастарды анықтау, олардың симптомдарын жеңілдету және көпсалалы көмек көрсету жүйесін ұйымдастыру жолдарын үйренеді.

Бүгінгі күні шаһарда тоқсан бүлдіршін бұндай көмекке мұқтаж. Қазіргі таңда балаларға арналған жеке ғимарат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Алдағы уақытта толық жабдықталған паллиативтік бөлім ашылмақ.

– Біздің міндет – бұл жүйені қайырымдылық шеңберінен шығарып, толық мемлекеттік деңгейде дамыту. Ал болашақта ересектер мен балаларға арналған бірыңғай паллиативтік орталық ашу жоспарымызда бар, – деді облыстық хоспис басшысы Әсем Қасенова.

Жаңа бөлім алғашқы кезеңде он балаға арналған орынмен ашылады. Әр балаға жеке бөлме қарастырылып, ата-аналар үшін демалатын және ас әзірлейтін аймақтар қарастырылмақ. Мекеме тәулік бойы жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

– Мұны аурухана емес, үйдегідей жылы атмосфера форматында қалыптастырғымыз келеді. Әр ана баласына сүйікті асын пісіріп, қасында бола алады. Балаларға толық күтім жасалуы үшін қызметкерлер саны да артады, – деді Әсем Қасенова.

Жиын соныңда мамандар азаматтық қоғаммен және қайырымдылық қорларымен серіктестік орнатудың маңызын атап өтті.