Павлодарда шаңырақ көтеруге дайындық курстары басталды
Павлодарда болашақ ерлі-зайыптылар мен жас отбасыларға арналған тегін курстар іске қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қатысушыларға қарым-қатынас психологиясын, отбасылық қаржыны басқаруды және репродуктивті денсаулық мәселелерін түсінуге көмектеседі. Бұл туралы Отбасын қолдау орталығында мәлімдеді.
Бағдарлама некеге тұруды жоспарлап жүрген жұптарға, жас жұбайларға және отбасын құрғанына бес жылдан аспаған ерлі-зайыптыларға арналған. Балаларының болуы міндетті емес. Курс тоқсанына бір рет өткізіліп, төрт кездесуді қамтиды. Қатысушылардың жұмыс кестесіне қолайлы болуы үшін сабақтар негізінен кешкі уақытта немесе демалыс күндері ұйымдастырылады.
– Курстың негізгі мақсаты – отбасының мәртебесін көтеру, ерлі-зайыптыларға жанжалдарды шешуді және ортақ мәмілеге келуді үйрету. Адамдар алғашқы келіспеушіліктен кейін бірден ажырасуға асықпай, қарым-қатынасты сақтауға тырысса дейміз. Біздің мақсатымыз – отбасылардың берік әрі бақытты болуы және адамдардың отбасын құру туралы шешімді саналы түрде қабылдауы, – деді Отбасын қолдау орталығы құрылымдық бөлімшесінің жетекшісі Аида Жұмабекова.
Әр кездесу жеке тақырыпқа арналады. Алғашқы сабақта жұптар психологпен жұмыс істеді. Кейін «Отбасы банкінің» шақырылған маманы отбасылық бюджетті жоспарлау, ақша жинау және қаржылық мүмкіндіктер туралы айтып берді. Тағы бір кездесу репродуктивті денсаулық пен баланың дүниеге келуіне дайындық мәселелеріне арналды. Ол үшін арнайы дәрігер шақырылды.
Бағдарламаға арт-терапия да енгізілген. Жұптар болашақ отбасын қалай елестететінін сурет арқылы бейнелеп, тағы бір кездесуде бірге гүл отырғызды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тапсырмалар серіктестердің бір-бірімен жақсы қарым-қатынас орнатып, ортақ мақсатқа бірге ұмтылуына ықпал етеді.
– Кездесулердің жай ғана дәрістер түрінде өткенін қаламаймыз. Әр сабақ қызықты форматта ұйымдастырылады. Қатысушылар бірлескен жұмыстың естелігі ретінде өздері жасаған дүниелерді үйлеріне алып кете алады. Алдағы уақытта кездесулер өтетін орындарды өзгертіп, түрлі серіктестерді тартуды жоспарлап отырмыз. Осылайша сабақтарды одан әрі мазмұнды әрі қызықты еткіміз келеді, – деді Аида Жұмабекова.
Курстардың бір легінің қорытындысы бойынша барлық сабаққа қатысып, өтілген тақырыптар бойынша сұрақтарға дұрыс жауап берген ең белсенді жұпқа отбасылық дәмханаға баруға арналған 30 мың теңгелік сертификат табысталды. Қалған қатысушыларға курсты аяқтағаны туралы сертификаттар мен Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияға билеттер берілді.
Отбасын қолдау орталығында курстарға қатысу тегін екенін атап өтті. Мұнда психолог пен заңгердің кеңесін алуға, қажет болған жағдайда әлеуметтік қолдауға да жүгінуге болады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар да орталықтың көмегіне жүгіне алады.
Отбасын құруды жоспарлап жүрген немесе жақында шаңырақ көтерген павлодарлықтар бағдарламаға қатысуға шақырылады. Отбасын қолдау орталығы Генерал Дүйсенов көшесі, 80-үй, 2-қабат мекенжайында орналасқан.
