Павлодарда шала туған сәбилердің аналарына құрмет көрсетілді

Павлодарда шала туған сәбилердің аналарына құрмет көрсетілді
Фото: ПОПО баспасөз қызметі

17 қараша — Шала туған балалардың халықаралық күні, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы атаулы күнге орай Павлодар облыстық перинаталдық орталығында ем алып жатқан шала туған сәбилердің аналарына құттықтау тілектері жеткізілді. Ізгі лебіздерін орталық директоры Гүлнар Буратаева мен облыстың штаттан тыс бас неонатологы Жанылай Қапанова білдірді. Олар шала туған нәрестелерді күтіп-баптау үдерісінде ата-аналардың рөлі ерекше екенін және сәбидің өмірінің алғашқы күндерінен бастап олардың белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.

Орталықта дене салмағы өте төмен, тіпті 500–600 грамм болып дүниеге келген нәрестелерді де аман алып қалуға бағытталған заманауи әдістер қолданылады. Балалар реанимациясы ашық реанимация қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ата-аналар сәбилерін күн сайын бірнеше рет көріп, олардың күтіміне қатысады, сондай-ақ «кенгуру» әдісін, яғни ана мен баланың «терімен тері» жанасуын қолданады. Сонымен қатар емшек сүтімен қоректендіруге және аналарға психологиялық қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді.

Жағдайы тұрақтанған нәрестелер жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылып, медициналық мамандардың бақылауымен аналарымен бірге болады. Одан кейін оңалту кезеңінен өтеді. Үйге шыққан соң да сәбилер дәрігерлердің бақылауында болып, бір жасқа дейін катамнез кабинетіне жүйелі түрде қаралады.

Шала туған нәрестені аман алып қалу — дәрігерлердің, мейіргерлердің және ата-аналардың бірлескен еңбегі. Әрбір сәбидің өмір үшін күресі — үміттің, төзімнің және ата-ана махаббатының жарқын көрінісі.