Павлодарлықтар күз қарсаңында барокамерамен денсаулығын нығайта алады
Оттегі барокамерасы барлық органдарға оң әсер етеді, сондықтан көптеген аурулар мен патологиялық жағдайларда тағайындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасы физикалық медицина және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі, реабилитолог- дәрігер Айсұлу Қаукенова барокамера қандай дертке дауа болатынын айтып берді.
– Барокамера – ағзаны оттегі ортасымен қанықтыруға арналған медициналық құрылғы және сұранысқа ие физиотерапиялық процедуралардың бірі болып табылады. Мұндай процедура ауруларды емдеу және алдын алу, сондай-ақ тез қалпына келтіру үшін жиі қолданылады. Әсіресе операциядан кейінгі жарақаттарды оңалтуда тиімділігі дәлелденген, – дейді Айсұлу Қаукенова.
Аталған құрылғы герметикалық жабық капсулаға ұқсайды және жоғары қысымның әсерінен қан оттегімен қанықтырылады. Оның көмегімен жүйке жүйе, тыныс алу жүйесі, репродуктивті жүйе аурулары, жүрек-қан тамырлары және гинекологиялық аурулармен зардап шегетін, операциядан кейінгі кезеңдерде оңалтуды қажет ететін науқастар денсаулығын нығайта алады. Әсіресе қан аздығы бар жүкті әйелдер үшін барокамераның берері мол. Себебі, сәбидің денсаулығына да оң әсер етеді және гипоксияның алдын алуға көмектеседі.
– Бізге ауыр халдегі науқастар келеді. Тіпті, реанимация жағдайынан өткен адамдарды сол жерге апарамыз және оңалту процесі жылдам жүреді. Оттегімен қанықтыру нәтижесінде жаралар, күйіктер, жарақаттар тез емделеді, – деді реабилитолог-дәрігер.
Дегенмен эпилепсия, өкпенің ауыр патологиялары бар, есту аппараттарының өткір бұзылуы, респираторлық, өткір кезеңдегі аурулар, іріңді инфекциялар, дене қызуы көтерілген науқастар үшін барокамера арқылы ем қабылдауға тыйым салынған. Процедура тек дәрігердің нұсқауы бойынша тағайындалады. Ем шара 40 минутқа созылады.
– Кейбір науқастар үшін бір процедура жеткілікті болса, кейде бес-он процедура алу қажет болады. Барлығы сырқаттың жағдайына байланысты. Техникалық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, науқастың үстінде міндетті түрде мақтадан тігілген киім болуы тиіс, – дейді ол.
Барокамера арқылы ем алуға көбінесе жүрек-қан тамырлары, гинекологиялық, жүректің ишемиялық ауруы мен ми тамырларының ауруларына шалдыққан науқастар келеді.
Көптеген дертке шипа беретін құрылғының көмегімен денсаулығын нығайтқысы келетін тұрғындар 50-25-07 телефон нөмірі арқылы физикалық медицина, оңалту бөлімшесіне хабарласа алады.
Серіктестік материал
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы, Павлодар облысы әкімдігінің 2012 жылғы 23 қаңтардағы № 00986 лицензиясы