Павлодарда сотталушы бейнебақылау камерасының көмегімен ажалдан аман қалды
Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, колония қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен сотталған адамның өмірін сақтап қалды.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД № 47 (қауіпсіздігі барынша төмен) мекемесінің жасағында сотталғандардың бірі өзін нашар сезініп, төсегінде қимылсыз жатқан. Бейнебақылау бекетінің операторы сотталған адамның қозғалмай жатқанын байқап, кезекші нарядты жасаққа жіберген.
– Колония қызметкерлері бөлмеге кіргеннен кейін ер адамды ес-түссіз күйде көрген. Офицерлер оны бүйіріне жатқызып, терезені ашты. Қысымы жоғары болды. Сотталған адамның бетінің өзгергенін көріп, колония қызметкерлері оның инсульт екенін түсінген соң мекеменің медициналық қызметкері мен жедел жәрдем шақырды, – деді комитеттің баспасөз қызметінде.
Жедел жәрдем келген соң ер адам жансақтау бөліміне жатқызылды.
Мекеме қызметкерлеріне сотталғанның әпкесі алғысын білдірді. Дәрігерлер мекеме қызметкерлерінің уақтылы жасаған әрекеттері адамды құтқарып қалатынын еске салады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында пенитенциарлық мекемелерде барлық «көрінбейтін аймақтар» қалмайтын жаппай бейнебақылау енгізілді. Бүгінгі таңда республика мекемелерінде 43 мыңнан астам камера орнатылған.