Павлодарда суретшілер альянсының бірегей көрмесі назарға ұсынылады

Павлодарда суретшілер альянсының бірегей көрмесі назарға ұсынылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Үш суретші шабытқа толы жұмыстарын паш етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

28 ақпанда сағат 16:00-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде павлодарлық суретшілер – Анна Аткина, Шамиль Шушаев және Лариса Кузнецованың «Альянс» атты көрмесінің ашылуы өтеді. Үшеуі ИнЕУ-де білім алған. Анна мен Шамиль Павлодар қаласының көркемсурет колледжін, ал Лариса Новоалтайск көркемсурет училищесін сурет мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. 

– Суретшілердің әрқайсысы өзіндік шығармашылық көзқарасы бар бірегей тұлға, білікті маман иелері. Талантты әрі дарынды суретшілерді өнерге деген сүйіспеншілігі мен балалар көркемсурет мектебіндегі шабытқа толы еңбек жолы тоғыстырды, – деді музейде.

Анна Аткина – суретші-педагог, кескіндемеші, дизайнер, декоратор. Сан алуан шығармашылық деңгейдегі көрмелер мен пленэрлер, педагогикалық семинарлардың қатысушысы. Шығармашылығының негізгі қайнар көзі – табиғат аясындағы серуендер мен саяхаттар, көшпелі пленэрлер. Туындылары түс үйлесімін нәзік сезінуімен ерекшеленеді.

Шамиль Шушаев – суретші-педагог, сәулетші-дизайнер, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының педагог-суретшілер халықаралық одағының мүшесі. Ол Омбы педагогикалық университетінің магистрі. Студенттік шағынан шығармашылық қабілеттерімен көзге түсіп, көптеген халықаралық және республикалықбайқаулардың, фестивальдердің жүлдегері атанды. Қазіргі таңда балалар көркемсурет мектебінде ұстаздық қызмет атқарады және жобалау саласында еңбек етеді. Шығармашылығының негізгі қайнар көзі, шабыт тұғыры – шәкірттері мен еңбек ортасы, өнерге деген құштарлығы.

Лариса Кузнецова – суретші-педагог, кескіндемеші, дизайнер-декоратор. Балалар көркемсурет мектебінде 30 жылдан астам уақыт аралығында жұмыс істеп келеді. Шығармашылығының негізгі бағыты – акварель техникасында түстер үйлесімділігі көрініс тапқан туындылары.  Саяхаттау мен табиғат көріністерінен шабыт алады.

Көктемгі мерекелер қарсаңында суретшілер альянсы өңіріміздің мәдени өміріндегі жарқын оқиғаға айналатын өнер туындыларының көрмесін ұсынбақ. Барша өнер сүйер қауымы көрмені тамашалай алады.