Павлодарда суға түсу маусымы алдында қауіпсіздік күшейеді
Тереңдігі екі метрден асатын жерлер қоршалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірдің орталық жағалауында шомылу маусымына дайындық аясында Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы саптық байқау өткізді. Іс-шара барысында құтқару жасағы суға батқан адамды құтқару бойынша оқу-жаттығу көрсетіп, сүңгуірлер орталық жағажай акваториясын тексеру мен тазарту жұмыстарына кірісті.

Павлодар облысы төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Ғалямов шомылу маусымына дайындық толық пысықталғанын айтты.
– Қазіргі таңда жеке құрам тексерілді. Бүгінгі және ертеңгі ауысымдағы құтқарушылар шақырылды. Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін жағажай акваториясы толық тексеріліп, тазаланады. Су қайтқаннан кейін түбінде ағаш, тас секілді қауіпті заттар қалып қоюы мүмкін. Адамдар жарақат алмауы үшін барлығы шығарылады, – деді ол.
Подполковниктің айтуынша, жағалау тазартылғаннан кейін арнайы акт толтырылып, шомылуға рұқсат етілген аумаққа шектеу белгілері қойылады. Тереңдігі екі метрден асатын жерлер қоршалады. Қауіпсіздік талабын бұзғандарға Әкімшілік кодекстің 412-бабы бойынша жеті айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған.


Облыста бүгінде 95 құтқарушы жұмыс істейді. Оның 45-і – арнайы сүңгуірлік дайындықтан өткен мамандар. Олар су астында іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсаты бар қызметкерлер санатына кіреді.
Құтқарушылардың айтуынша, жаз мезгілінде өзен бойында тұрақты патруль ұйымдастырылады. Әрбір бір жарым-екі сағат сайын қайықпен бақылау жүргізіліп, демалушыларға ескерту жасалады. Сонымен қатар, әуеден бақылау жүргізетін дрондар да қолданылады.

Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Максим Стиц су астындағы іздеу жұмыстарының күрделі жағдайда өтетінін айтты.
– Ертіс өзенінде көріну деңгейі өте төмен. Сүңгуірлер көбіне бәрін қолмен сипап іздейді. Қатты ағыс жұмысты қиындатады. Су астындағы шамдардың өзі лай мен құмның кесірінен тиімсіз болады, – деді ол.
Маманның сөзінше, қазіргі таңда іздестіру-құтқару жұмыстарына эхолоттар, дрондар, жаңа сүңгуір жабдықтары және заманауи жүзу құралдары пайдаланылады. Әсіресе тепловизоры бар дрондар адамдарды немесе су бетіне шыққан денелерді анықтауға көмектеседі.
Биыл құтқарушыларға жаңа техникалар берілгне. Олардың қатарында мұздың, судың және қамыстың үстімен қозғала алатын аэрoқайық бар. Оның құны шамамен 50 миллион теңгені құрайды.

Павлодар облысы ТЖД жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шириязанов маусым алдындағы техникалық дайындық аяқталғанын жеткізді.
– Маусымдық техникаларға техникалық қызмет көрсетіліп, қажетті жабдықтар жаңартылды. Қазір коммуналдық жағажайларды тексеру және тазарту жұмыстары басталды, – деді ол.
Серік Шириязановтың мәліметінше, бөлімшенің қарамағында 16 жүзу құралы мен 4 құтқару катері бар. Сондай-ақ сүңгуір жабдықтарымен қамтылған үш арнайы автокөлік қызмет етеді. Оның екеуі Павлодарда, біреуі Екібастұзда орналасқан.
Жағалау аумағын тазарту №34 бұйрыққа сәйкес жүргізіледі. Төтенше жағдай қызметкерлері жағалау сызығынан бастап екі метр тереңдікке дейінгі аумақты толық тексереді. Көктемгі тасқын кезінде жиналған қоқыстар мен қауіпті заттар судан шығарылады. Қажет болған жағдайда коммуналдық қызметтер мен ауыр техника тартылады.

Шомылу маусымы кезінде құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бұл режим әлі іске қосылған жоқ. Арнайы бақылау 31 тамызға дейін жалғасып, су айдындарындағы қауіпсіздік тұрақты қадағаланады.
Өткен жылы Павлодар облысында 14 адам суға батқан. Оның екеуі – кәмелетке толмаған балалар. Ал тоғыз адам құтқарылған. Жақында Ертісті жүзіп өтпек болған мас азаматты құтқарушылар дер кезінде байқап, жағаға шығарып үлгерген. Кейін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Биыл коммуналдық және жеке жағажайларда жұмыс істейтін жедел-құтқару жасағының қызметкерлерін оқыту 28 мамырда басталады.