Ерекше экспонаттар: Ерте заманда Павлодарда керіктер мен үш тұяқты жылқы өмір сүрген
Мұндай жануарлардың сүйегі Павлодар қаласындағы «Қаз қонақ» табиғи ескерткіш орнынан табылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында «Қаз қонақ» орнынан табылған жәдігерлер сақтаулы. Музейдің экскурсия бөлімінің жетекшісі Надежда Майба аталған орыннан табылған ерекше экспонаттар туралы айтып берді.
- 1928 жылы палеонтолог Юрий Орлов қаламыздағы Ертістің оң жағалауында ежелгі заманғы, осыдан 5-7 миллион жыл бұрын өмір сүрген жануарлардың сүйегін анықтаған. Ол жерде көптеген қазба жұмыстары жүргізілді. Барлығы екі вагон жануарлардың сүйегі табылған, - деді Надежда Майба.
Солардың ішінде ерекше жәдігерлердің бірі үш тұяқты жылқы – Гиппарионның сүйегі. Қазіргі жылқылардан айырмашылығы бойы аласа, үш саусағымен ерекшеленеді.
- Ол шапқан кезде алдыңғы үлкен саусағына күш салады, ал ақырын жүргенде үшеуіне де сүйенеді. Тісінің орналасуы да ерекше болған. Ол жұмсақ шөпті жұлып жей білген. Сондықтан бұл жерде жұмсақ өсімдіктер болды деп айтуға болады. Олар табын болып, көп мөлшерде өмір сүрген. Солтүстік Америкадан Еуропаға қоныстанып, кейін осында келген, - деді Надежда Майба.
Сондай-ақ «Қаз қонақта» ежелгі керіктің де сүйегі табылған. Бүгінде музейде керіктің жақ сүйегінің бөлігі мен алдыңғы аяғының сүйегі сақталған.
- Бұл керіктің жабайы түрі – палеотрагустың сүйегі. Олар африкадан келген. Бүгінде осындай керіктер африкада бар. Олар «окап» деп аталады. Денесі кішкентай болып келеді, - деді Надежда Майба.
Музей қызметкерінің айтуынша, сүйектердің аталған жануарларға тиесілі екені зертханада зерттеліп, дәлелденген.
- Аталған орыннан табылған екі вагон сүйекті сол кезде Мәскеуге жіберген. Сонда зертханада сараптамалар жасалған. Зерттеумен Юрий Орлов өзі айналысып, кейін кітап қылып шығарған, - деді Надежда Майба.
Сонымен қатар, «Қаз қонақта» бөкен, бұғы, мүйізтұмсық және тағы да басқа барлығы 60-қа жуық жануардың түрі өмір сүрген.
Надежда Майбаның айтуынша, «Қаз қонақ» – әлемде табиғаттағы үздік 20 ескерткіштің қатарына жатады. Мұндай біздің қаламызда және Грекияның Афина қаласында бар.
Еске салайық, бұған дейін Потанин музейінде сақтаулы тұрған сармат қылышы, сақ қазаны сияқты жәдігерлер туралы жазған болатынбыз.
Оразбек Саяхат
Фото: автор