Павлодарда сүт бизнесіне арналған форум өтеді

Шараны ұйымдастырушылар – «Агро Индустрия KZ» компаниясы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
26-27 маусым күндері «Sport City» жабық футбол манежінде IV Халықаралық «PRO Молоко’25» сүт бизнесі форумы және «QazaqSut» көрмесі өтеді. Іс-шараларға Қазақстан Республикасының өңірлері, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Qazaq Sut» республикалық сүтті және аралас тұқымды ірі қара мал палатасы, «Қазақстанның сүт одағы» ЗТБ, «Ет-сүт одағы» ЗТБ, сондай-ақ алыс және жақын шетелден сарапшылар қатысады деп жоспарлануда.
Іс-шаралардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы сүт бизнесін дамыту.
Форум бағдарламасы «Сүтті мал шаруашылығы», «Сүт фермаларының үздік тәжірибелері», «Генетика», «Азықтандыру», «Фермаларды жаңғырту және дамыту», «Ветеринария және зоотехния», «Сапа мен өнімділік факторлары» тақырыптарын қамтиды. Сондай-ақ сүтті қайта өңдеу бағытында «Сұранысқа ие өнімдер мен сүтті қайта өңдеу технологиялары»,«Сүт өнімдерін маркетинг және ілгерілету», «Стандарттар мен сапа», «Технологиялар мен жабдықтар», «Суармалы егіншілік және технологиялар», «Су ресурстарын басқару және суармалы егіншілік» бағыттары қамтылады.