Павлодарда сәбиімен далада қалған әйел дағдарыс орталығына орналасты
Ана мен балаға тәртіп сақшылары көмек қолын созған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тұрақты негізде жүзеге асырылатын рейдтік іс-шара барысында Павлодар ауданының полиция бөлімінің полицейлері өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелді анықтады.
- Екі айлық сәбиі бар 33 жастағы әйел бірге тұратын азаматымен Екібастұз қаласынан көшіп келген. Ер адамның ішімдік ішуден қолы босамайды. Тіпті, жұмыс та істемейді. Белгілі болғандай, жас босанған әйелдің өмір сүруіне қажетті қаражаты да болмаған, - делінген хабарламада.
Азаматтық некеде тұрған екеудің баспанасы ер адамның туысына тиесілі болған. Әйел полицейлерден уақытша тұратын жер тауып беруін сұраған. Себебі ол болашақта ол азаматпен бірге тұрғысы келмейтінін айтқан.
- Белгілі бір тұрғылықты жері мен күнкөрісі жоқ әйел жас баласымен дағдарыс орталығына орналастырылды. Онда ана мен балаға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілді, - деді тәртіп сақшылары.
Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында құқықтық тәртіп сақшылары тұрақты негізде профилактикалық рейдтік іс-шараларды өткізуді жалғастыруда.