Павлодарда тұрғын үйлердің қасбетін жаңғырту басталады
Тұрғын үйлерді сырлаудың орнына заманауи қаптау тәсілі қолданылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының 109 бірыңғай байланыс орталығының мәлімдеуінше, облыс орталығындағы тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жаңарту жұмыстары басталады. Дәстүрлі сырлау тәсілінің орнына көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері заманауи материалдармен қапталатын болады. Пилоттық жоба Лермонтов көшесінде жүзеге асырылады.
— Уақыт өте келе сырдың сапасы төмендеп, сылақ қабаты үгітіле бастайды. Заманауи қаптау материалдарын пайдалану ғимараттардың қасбеттерін ұзақ мерзімге сақтап, олардың эстетикалық келбетін жақсартуға мүмкіндік береді, - деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.
Жаңа технология ғимараттарды қосымша жылумен оқшаулауды қамтамасыз етіп, олардың энергия тиімділігін арттырады.
Алғаш болып Лермонтов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер жаңартылады. Алдағы уақытта осындай жұмыстарды Торайғыров және Сәтбаев көшелерінде де жүргізу жоспарланып отыр.