Павлодарда тұрғын подъезд ішіндегі бейнебақылау үшін заңсыз төлемнен қорғалды

Қала тұрғыны бұны бірнеше ай өткен соң байқады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көпқабатты үй тұрғындарының бірі бейнебақылау жүйесіне қызмет көрсету үшін заңсыз төлем алынғанын айтып, шағымданды. Оның сөзінше, белгілі бір уақыт бойы қосымша төлемге назар аудармаған, алайда кейін байқап, қызмет көрсетушіге бұған дейін бұл қызметтен бас тартқанын ескерткен. Сондай-ақ ол даулы пәтерде өзі тұрмайтынын жеткізген. Соған қарамастан, компания төлемді тоқтатудан бас тартқан.
Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірованың сөзінше, тұрғынға сотқа дейінгі талап арызды рәсімдеуге көмектесіп, кейін сот процесіне үшінші тарап ретінде қатысқан. Сот бейнебақылау орнату және оған қызмет көрсету міндетті коммуналдық қызмет түрлеріне кірмейді деген шешімге келген.
– Мұндай шығындар тек тұтынушының жазбаша келісімі болған жағдайда ғана өндірілуі мүмкін. Яғни егер тұрғын бейнебақылау қызметін төлеуге ресми келісімін бермесе, мұндай төлем заңсыз болып саналады. Дәл осы себепті сот шешімі тұтынушының пайдасына қабылданды, – деді Нұрсұлу Әубәкірова.
Өзге оқиғада, қала тұрғыны дүкенде жұмыртқа сатып алу кезінде тауар үшін екі түрлі баға көрсетілгенін байқады. Оның сөзінше, қолма-қол ақша үшін тауар арзанға сатылды. Тұрғынның жазбаша арызы аясында департамент өкілдері дүкенге кезектен тыс тексеріс ұйымдастырып, кәсіпкерге айыппұл салды.