Павлодарда ағашқа соғылған жас жүргізуші жарақаттар алды

Павлодарда ағашқа соғылған жас жүргізуші жарақаттар алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көлікте болған жолаушы да ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық «103» жедел жәрдем қызметі соңғы үш тәулікте алты жол-көлік оқиғасына шықты. Екі жағдайда жүргізушілер қозғалмай тұрған нысанға соғылған.

– Бірінші оқиға өткен жексенбі күні таңғы шамамен сағат 4-те тіркелді. Жедел жәрдем пультіне түскен хабарламаға сәйкес, Горький көшесінде көлік ағашқа соғылған. 20 жастағы жігіт пен 19 жастағы қыз Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді, – деді облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінде.

Екінші жағдай 2,5 сағаттан кейін Ак.Шөкин көшесінде болған. Онда көлік жүргізушісі бағанаға соғылған. Дәрігерлер қарап шыққаннан кейін 22 жастағы жігіт ауруханаға жатудан бас тартты.

Ал 25 жастағы жігіт Ақсу – Павлодар трассасының айырылысында екі жеңіл көлік соқтығысқаннан кейін зардап шекті. Әртүрлі жарақаттармен және І дәрежелі травматикалық шок жағдайында ол қалалық №1 ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді.

– Түнгі уақытта болған жол апаттары ерекше алаңдаушылық тудырады, – дейді облыстық «103» станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Талдау көрсеткендей, мұндай жол-көлік оқиғаларының көпшілігі басқаруды жоғалту немесе жүргізушілердің шаршауы салдарынан болады. 

Оның айтуынша, егер жүргізуші шаршап қалғанын білсе, түнгі қауіпті сапарлардан бас тарту керек. Жылдамдық режимін сақтау – бұл формалдылық емес, өмірлеріңіз бен денсаулықтарыңызды сақтаудың басты шарты.