Павлодарда тұрғындар жаңа үйлердің кәріз жүйесіне шағымданды

Павлодарда тұрғындар жаңа үйлердің кәріз жүйесіне шағымданды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жертөлеге су жиналып, үйде жарықшақтар пайда болған. Қала әкімі мәселені тексеруді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков тұрғындардың өтініші бойынша көпқабатты үйлердің бірінің ауласына барды.

Тұрғындардың айтуынша, маңайда жаңа үйлер салынғаннан кейін кәріз жүйесіне түсетін жүктеме артқан. Олар жаңа үйлердегі кәріз құбырларының өткізу қабілетіне қатысты мәселе барын айтып, ағынды су өз үйлерінің жертөлесіне жиналатынына шағымданды.

Тұрғындардың бірі жертөледегі тұрақты ылғалдың салдарынан ғимаратта жарықшақтар пайда болғанын жеткізді.

– Кәріз жүйесін тексереміз. Жарықшақтарға қатысты да тексеру жүргізіледі. Егер қауіп бар екені анықталса, нығайту жұмыстарын жүргіземіз. Бұл мәселені бақылауыма аламын, – деді Хасар Хабылбеков.

Қала әкімі жауапты қызметтерге жертөледегі суды сорғызып, аумақты құрғатуды тапсырды.

Кездесуде балалар алаңының жоқтығы да сөз болды. Әкімнің айтуынша, аула аумағынан инженерлік желілер өтпейтіні анықталса, келесі жылдың көктемінде балалар алаңын орнату мүмкіндігі қарастырылады.

Тұрғындар ауладағы өсіп кеткен ағаштар мен бұталарды кесу мәселесін де көтерді. Хасар Хабылбеков бұл жұмыстарды жүргізу үшін арнайы техника жіберуді тапсырды.

Жуырда қала тұрғындары әкіммен өткен басқа кездесуде де кәріз жүйесіне қатысты мәселе көтерген болатын. Хабаровская көшесінде желі үш жыл бұрын тартылғанымен, тұрғынның орталық кәрізге қосылуына қажетті құжаттарды рәсімдеу созылып кеткен. Қала әкімі жауапты мамандарға құжаттарды рәсімдеуге көмектесуді тапсырған.