Павлодарда тағы бір көшенің ауласына жарық орнатылып, тротуар қалпына келтіріледі

Павлодарда тағы бір көшенің ауласына жарық орнатылып, тротуар қалпына келтіріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар қаласының әкімі Рылеев көшесіндегі №19 үй тұрғындарымен кездесіп, аумақты абаттандыруға қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кездесу барысында тұрғындар үй маңындағы қоршауды алып тастау, құлаған кірпіш қабырғаны бұзу, жылу трассасының ашық қалған бөліктерін оқшаулау және жаяу жүргіншілер жолын қалпына келтіру мәселелерін көтерді.

Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін жаяу жүргіншілер жүретін жол болған. Алайда жүргізілген жұмыстардан кейін аумақтың бір бөлігі қазылып, өткелдің жағдайы нашарлаған. Бұл жолды көршілес үш жеке үйдің тұрғындары тұрақты пайдаланады.

Кездесуде қоршауды толығымен алып тастау және кірпіштен қаланған бөлікті бұзу мәселесі де көтерілді. Сондай-ақ жылу трассасының ашық қалған учаскелерін қысқа дейін қайта оқшаулау қажеттігі айтылды.

Қала әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, аумақты абаттандыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Мәселен, ағаштарды кесу және артық өскіндерді тазарту, қоршауды бұзу, қазылған учаскелерді қалпына келтіру жұмыстары атқарылады. Биыл аумаққа жарықтандыру орнату көзделген.

Жаяу жүргіншілер жолын толық қалпына келтіру жұмыстары келесі жылға жоспарланған. Сонымен қатар, қолайлы ауа райы орнаған соң аулаға апаратын жолды абаттандыру жұмыстары басталады.

Автотұрақ орындарының тапшылығы да тұрғындар тарапынан көтерілді. Бұл мәселені шешу үшін пәтер иелерінің кемінде үштен екісінің қолы жиналуы қажет. Тұрғындардан қажетті қол жиналған жағдайда, келесі жылы аумақта асфальт төсеу және автотұрақ ұйымдастыру мәселесі қаралмақ.