Павлодарда табиғатты ластағандар жауапқа тартылды

Павлодарда табиғатты ластағандар жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Акцияның негізгі мақсаты – өңірдің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны ластауға және экологиялық құқық бұзушылықтарға қатысты «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыруды көздейді.

- Акция басталғалы бері қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 16 мыңнан астам павлодарлық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 27 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері абаттандыру қағидаларын өрескел бұзу фактісін анықтады, – деді облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Қоршаған ортаны ластаудың тағы бір фактісі тіркелді. Онда жүк көлігінің жүргізушісі қала шетінде Космонавтар және Жібек жолы көшелерінің қиылысында құрылыс қалдықтарын заңсыз төккен. Аталған әрекет қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді. Жиналған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін экология департаментіне жолданды.

Полиция департаменті облыс аумағында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне жол бермеу қажеттігін еске салып, азаматтарды Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын қатаң сақтауға шақырады.