Павлодардағы Шөкин көшесінде ағаштар жаңартылады

Павлодардағы Шөкин көшесінде ағаштар жаңартылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ескірген және ауруға шалдыққан ағаштар кесіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, дендрологиялық жоспарға сәйкес, А. Шөкин көшесінде (А. Сәтбаев көшесінен М. Жүсіп көшесіне дейінгі аралықта) жасыл желектерді қайта жаңарту жұмыстары басталды.

«ЛандшафтДизайнПавлодар» ЖШС директоры әрі дендрожоспарды әзірлеушілердің бірі Антон Чашиннің айтуынша, Шөкин көшесіндегі ағаштардың көбі ескіріп, ауруға шалдыққандықтан қалаға пайдасын тигізбейді. 

– Кейбір ағаштардан тек түбірлері ғана қалған, ал үлкен аумақтарда мүлдем ағаш жоқ. Сондықтан біз көшені қайта жаңартып, ұзақ жылдар бойы қалаға пайда әкелетін биік аллеялық ағаштар отырғызуды қолға алдық, – деді Антон Чашин.

Жоба бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен ескі әрі жасы келген үйеңкі ағаштары кесіледі, кейін топырақ қабаты жаңартылып, ұзақ әсер ететін тыңайтқыштар енгізіледі. Соңында ұсақ жапырақты жөке ағаштарының ірі көшеттері отырғызылады.