Павлодарда тоғызқұмалақтан облыстық турнир басталды

Павлодарда тоғызқұмалақтан облыстық турнир басталды
Фото: автор

Зияткерлер додасына өңірдің 70-тен астам спортшысы қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жарыс швейцариялық жүйе бойынша өтуде. Додаға Павлодар, Екібастұз қалаларынан, сондай-ақ Ертіс, Ақсу, Железин аудандарынан келген спортшылар қатысуда. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Павлодар облысының тоғызқұмалақ федерациясы вице-президенті Арыстан Қапаевтың айтуынша, соңғы жылдары ұлттық спорт түріне деген қызығушылық артып келеді. Себебі жарысқа қатысушылардың дені жастар.

– Әр командада алты қатысушы бар: үш ер бала және үш қыз. Әр ойыншыға бір сағат уақыт беріледі. Жас ерекшелігіне байланысты шектеу жоқ. Мұнда жаңадан үйреніп жүрген ойыншылар да, тәжірибелі шеберлер де бар, – деді Арыстан Қапаев.

Әзірге командалық есепте Павлодар қаласының спортшылары көш бастап келеді. Екінші орында – Екібастұз қаласы. Қатысушылар арасында 11 жастағы Айару Салман да бар. Жас спортшы тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер. Оның айтуынша, әзірге лайықты бәсеке танытатын қарсылас кездескен жоқ.

– Үш ойын өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеттім. Қарсыластарым жақсы ойнайды, дегенмен тәжірибелері әлі аздау сияқты. Көбіне логикалық ойлау арқылы басым түсемін. Барлық қатысушыларды жеңемін деп үміттенемін, – деді Айару Салман.

Ал турнирдің ең жас ойыншысы – Ертіс ауданынан келген Асылым Салық. Ол төртінші сыныпта оқиды. Тоғызқұмалақпен айналысып жүргеніне бір жыл ғана болса да, бұған дейін бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Жас зияткер бұл жолы да жеңіс тұғырынан көрінуге ниетті.

– Маған тоғызқұмалақты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі үйретті. Сыныбымда менен басқа ешкім ойнамайды, бірақ үйренгісі келетіндер бар. Бұл – өте күрделі ойын. Әзірге бірінші ойынымда жеңіске жеттім. Қазір Павлодар қаласының өкілімен ойнаймын, – деді Асылым Салық.

Облыс чемпионатының төрт туры артта қалды. Жарыс ертең қорытындыланады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге спорт шеберіне үміткер және спорт шебері атақтары беріледі. Сонымен қатар, үздіктер облыс құрамасына қабылданып, өңір намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.