Павлодарлық мектептерде ұлттық ойындар фестивалі өтті
Барлық спорттық іс-шараға 70 000-нан астам оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицейде «Наурызнама» мерекесі аясында «Ұлттық спорт» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Ұлттық спорт түрлерін, балалардың салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған фестивальде тоғызқұмалақ, ер адамдар арасында асық ату, қыздар арасында бес асық, арқан тарту турнирлері болды.
Ұлттық ойындар – ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтардың бір түрі. Оның бастауы тым тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр. Осы ойындар негізінде әр халық әртүрлі жаттығулар жасау жолымен дене-шынықтыру ісінің негізін салды. Бұл бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығын жақсарта түсуде пайдасы зор екені белгілі.
– Қазақтың ұлттық ойындары – бабаларымыздан қалған асыл қазына. Сондықтан халықтық мұраны үйренудің әрі күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуде орасан пайдасы тимек. Ойын әр баланың алдынан өмірдің жарқын сәттерін ашып, жеке қасиеттерімен біте қайнасып, әрі қарай дамуымен ұштасады, – дейді Павлодар облысы білім басқармасы облыстық дене шынықтыру оқу-тәжірибелік орталығының басшысы Бахтияр Түсіпов.
Сондай-ақ, қазақ халқында ежелден келе жатқан «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Ине-жіп және түйіншек», «Теңге ілу» тағы басқа да ұлттық ойындары бар.
Ұлттық ойындар өскелең ұрпақты үйлесімді тәрбиелеудің ажырамас бөлігі болып табылады.
Айта кетейік, бұдан бөлек, өңіріміздің барлық білім беру ұйымдарында Ұлттық спорт күніне орай фестиваль мен турнирлер жалғасын тапты.