Павлодар трамвай басқармасында қызметкерлердің еңбекақысын 40% көтереді
Мұнда орта есеппен кемінде 320 мың теңге алады, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
«Д.Д.Махмудов атындағы «Павлодар қаласы трамвай басқармасы» АҚ-ның мәліметінше, кәсіпорында жалақыға алғашқы 20% үстемеақыны мамыр айында алған, қалған 20% жылдың соңында көтереді. Жүргізушілердің жалақы мөлшері жұмыс өтілі мен класына байланысты. Бірақ вагонның руліне отыратын немесе жолаушылардың ақысын тексеретін жаңадан келгендер бірінші айда еңбегі үшін кемінде 200 мың теңге алады.
– Өткен жылы қызметкерлердің жалақысы 30% көтерілді. Бұл жолы оны бір жыл ішінде 40% көтеру туралы шешім қабылданды. Осылайша, біз Павлодар облысы бойынша тіркелген орташа жалақыға қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – 308 459 мың теңге, – деп атап өтті «Д.Д. Махмудов атындағы «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Муслим Махмудов.
Сондай-ақ басқарма басшысы персоналға әлеуметтік қамқорлық жасау басшылықтың алдында тұрған басым міндеттердің бірі екенін айтты. Кәсіпорында өндірістік және әкімшілік блоктарды қосқанда 600-ден астам адам жұмыс істейді.
– Біздің қызметкерлерді әлеуметтік қолдау ұжымдық шартта бекітілген. Құжатта қызметкерлердің ерекше өмірлік жағдайлары, соның ішінде баланың тууы, тұрғын үйді жалға алу, сондай-ақ жақын туысынан айырылу ескерілген. Мұндай жағдайларда қаржылық көмек көрсетіледі. Мәселен, трамвай басқармасының барлық қызметкерлері трамваймен тегін жол жүреді, бұл құқық кәсіпорында жұмыс істемейтін зейнеткерлерге де сақталады. Тұрғын үйді жалға алған отбасыларға 10 АЕК төленеді. Кәсіпорында 20 жылдан астам жұмыс істеген еңбек ардагерлеріне 34 500 теңге мөлшерінде біржолғы сыйлықақы төленеді, – дейді басқарма төрағасы.
Кәсіпорын аумағында қызметкерлердің бос уақытын өткізу үшін спортзал, сауықтыру кешені қарастырылған. Сонымен қатар денсаулық сақтау пунктінде физиотерапия, балшықпен емдеу және тағы да басқа емдік шаралар ала алады. Электрондық рұқсатнама болған жағдайда асханада бар болғаны 400 теңгеге кешенді түскі асқа тапсырыс беруге болады, кәсіпорын аумағында әлеуметтік дүкен жұмыс істейді.
Айта кетерлігі, трамвай жүргізушілеріне тегін түскі ас беріледі.