Павлодарда трамваймен ақысыз қатынайтындар жазасыз қалмайды

Павлодарда трамваймен ақысыз қатынайтындар жазасыз қалмайды
Фото: Константин Шелков

Қулыққа барып, тегін жүруді көздеген жолаушылар қомақты айыппұл арқалайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар қалалық трамвай басқармасы мәлімдеді.

- Трамвай жолаушыларына арналған ең негізгі, басты ережелердің бірі-жол ақысын төлеу. Кейбір павлодарлықтар QR кодқа және валидаторға тек вагонға кіріп келе жатқан бақылаушыны көргенде ғана ұмтылады. Жақында жолаушылар ағымына жүргізілген мониторинг пен рейд нәтижесінде күніне 2000 адам жол ақысын төлемейтіндігі белгілі болды. Мұндай фактілер трамвай жүйесінің дамуына кері әсер етеді, - деді Д.Махмудов атындағы трамвай басқармасының басқарма төрағасы Муслим Махмудов.

Басқарма төрағасы өз кезегінде мұндай жолаушылармен күресу үшін есіктердің ашылуында өзгерістер орын алғанын айтты.

- Трамвай басқармасында қауырт емес кезде вагонның ортаңғы есігін жабу туралы шешім қабылданды. Бұл кіретін жолаушыларды нақты есепке алу үшін жасалады. Бұл туралы трамвай жүргізушісі әр аялдамада ескертеді, - деді ол. Сонымен қатар, әр аялдамада жол ақысын төлегенді тексеру үшін бақылаушылар вагондарға кіріп отыратын болады.

Павлодар облысының тұрғындарының назарына жол ақысын төлеуден бас тарту бұл әкімшілік құқық бұзушылық, ол үшін 2 АЕК – 6 900 теңге көлеміндегі айыппұл қарастырылғанын еске саламыз.