Павлодарда цифрлық медицина: телемедицина мен жаңа жүйелер енгізілуде
Облыста қашықтан медициналық қызмет көрсету бүгінде учаскелік дәрігерлермен шектелмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қалалық ауруханасы емханасы директорының медициналық бөлімі жөніндегі орынбасары Тоғжан Ғабдулғазизованың айтуынша, бұл мүмкіндік кардиолог, невропатолог, хирург және басқа да бейінді мамандарға жүгінетін пациенттер үшін қолжетімді.
– Цифрлық технологиялар медициналық құжаттарды рәсімдеу сапасын арттыруға бағытталған. Пациенттерді Face ID арқылы сәйкестендіру негізсіз тіркеулер мен жалған медициналық жазбалардың алдын алып, көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етеді, – деді маман.
Денсаулық сақтау мекемелеріне медициналық материалдарды сақтау және тасымалдау жүйесінің енгізілуі маңызды жаңалықтардың бірі болып табылады. Бұл жүйеде компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография және басқа да сәулелік диагностика нәтижелері бірыңғай электрондық базаға сақталады.
– Науқастар бұрынғыдай дискті өзімен бірге алып жүрмейді. Барлық зерттеу нәтижелері бірыңғай жүйеде сақталып, дәрігерлерге қолжетімді болады, – деді ол.
Жедел медициналық жәрдем қызметінде де жаңа цифрлық шешімдер енгізілуде. Соның бірі – смарт-видео жетондар. Олар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қызмет барысында болған оқиғаларды тіркеуге арналған.
Телемедицина өңір тұрғындары үшін жоғары мамандандырылған медициналық көмекті әлдеқайда қолжетімді етті. Бұрын күрделі жағдайларда пациенттерді Астана, Алматы немесе Қарағанды қалаларына жіберу қажет болса, қазір республикалық деңгейдегі мамандармен онлайн консилиум өткізуге мүмкіндік бар.
– Науқасты үлкен қалаларға жібермей-ақ, телемедицина арқылы консилиум ұйымдастырып, республикалық деңгейдегі дәрігерлердің пікірін алуға болады. Бұл пациент үшін де, дәрігер үшін де өте тиімді, – деді Тоғжан Ғабдулғазизова.
Сонымен қатар, өңірде вакциналар мен басқа да биологиялық препараттарды сақтау және тасымалдау жүйесі жетілдірілуде. Медициналық тоңазытқыштарға арнайы датчиктер орнатылып, суық тізбектің сақталуы автоматты түрде бақыланады. Бұл вакциналарды облыс ішінде немесе ауылдық елді мекендерге жеткізу кезінде температуралық режимнің бұзылмауын қамтамасыз етеді.
Тұрғындар үшін электрондық сервистердің мүмкіндігі де кеңейіп келеді. «eGov Mobile» қосымшасындағы «eDensaulyq» қызметі арқылы зертханалық талдау нәтижелерін, медициналық анықтамаларды және басқа да денсаулық туралы ақпаратты онлайн көруге болады.
Қазіргі уақытта цифрландыру тек медицина саласында ғана емес, барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Денсаулық сақтау жүйесінде бұл өзгерістер тұрғындарға көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.