Павлодарда түн ішінде серуендеген қыз тоқтатылды

Тәртіп сақшылары рейдтік іс-шаралар өткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кезекті рейд барысында сағат 23:45 шамасында қала көшелерінің бірінде жүрген кәмелетке толмаған қыз тоқтатылған. Жасөспірім заңды өкіліне тапсырылып, онымен және анасымен баланың түнгі уақытта үйден тыс жерлерде жалғыз жүруіне жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.
– Жыл басынан бері өңірде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз үйден тыс жүруіне жол бергені үшін 1147 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды өз мекемесіне жіберген көңіл көтеру орындарының иелері де жазалануда. Осы жылдың басынан бері 30 көңіл көтеру орнының иесі әкімшілік жауапқа тартылды, – дейді облыстық полиция департаментінде.
Түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде жүрген жасөспірімдердің басым бөлігі – 14-16 жас аралығындағы жеткіншектер. Кәмелетке толмағандардың жүріс-тұрысын бақылаудың жеткіліксіздігі қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Статистика бойынша, жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыстар мен қайғылы оқиғалардың көпшілігі дәл түнгі уақытта орын алады.
Тәртіп сақшылары көңіл көтеру орындарымен қатар есепте тұрған адамдарды да тұрақты түрде тексеріп отырады. Қазіргі таңда облыс бойынша 284 жайсыз отбасы мен 119 қиын жасөспірім тіркеуде тұр, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Полиция департаменті 18 жасқа толмаған азаматтарға түнгі уақытта заңды өкілінің еріп жүруінсіз үйден тыс жүруге тыйым салынатынын еске салады. Атап айтқанда: көңіл көтеру орындарында – сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін, ал тұрғын үйден тыс жерде – сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, бұл уақыт аралығында бала заңды өкілімен бірге болуы тиіс.