Павлодарда мектеп оқушылары балалар ақынының шығармаларын суреттеді
Мүбәрак Жаманбалиновтың жүз жылдығына арналған иллюстрациялық көрме ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ішкі саясат басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қалалық балалар көркемсурет мектебі қаланың барлық жалпы орта білім беру мектептерінің жазғы мектеп жанындағы лагерлерінен 1600 оқушыға шеберлік сағаттарын ұйымдастырды.
Балалар көркемсурет мектебінің педагогтерімен графика және кескіндеме бойынша сабақтарда қатысып, ақынның «Мода», «Дархан жер», «А дегенің Ана..» және тағы басқа шығармаларын суреттеді.
– Меніңше, бұл жобаның балалар үшін пайдасы зор. Себебі, ақынның өмір туралы бала тілімен жазылған өлеңдерін суреттеу арқылы олар ақынның өзімен танысады, – дейді көркемсурет мектебінің басшысы Ләйлә Мағзамова.
Шеберлік сағаттарынан кейін мектеп оқушылары оқушылары салған сурет-иллюстрациялардың көрмесі ашылды. Мерекелік іс-шарада оқушылар атақты жазушы, балалар ақыны Мүбәрак Жаманбалиновтың өлеңдерін жатқа оқыды. Әсіресе, №27, 7, 6, 26, 35, М. Әуезов, Б. Момышұлы, М. Жүсіп атындағы мектептердің тәрбиенушілері жақсы дайындалды.