Павлодарда тұңғыш рет «Имам барысы» турнирі өтеді

Павлодарда тұңғыш рет «Имам барысы» турнирі өтеді
Фото: Константин Шелков

7-қыркүйекте облыс орталығындағы «Баянтау» спорт кешенінде өтетін «Имам барысы» турниріне 20-ға жуық имам қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.

Облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлының айтуынша, қала және аудандардағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен имамдар облыстық турнирде бақ сынайды. Қатысушылардың салмағына шектеу жоқ.

– Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жобасы. Мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, дін мен салт дәстүрді сабақтастыру. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде айтылатын күш-қуатты шыңдайтын спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, сүннетті берік ұстанған. Оның белгілерін төл спорттың сипатынан айқын байқауға болады, – дейді бас имам.

Пайғамбардың күресі жайлы деректер көп. Соның бірегейі Мекке тұрғыны, ешкімнен жеңіліп көрмеген кәсіби балуан Рукана ибн Әбд Язидпен болған күресі еді. Ибн Исхақ бұл оқиға туралы: «Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.) Руканамен кездесіп қалып, былай деді: «Ей, Рукана, Алладан қорқасың ба әрі менімен жекпе-жекке шыққың келе ме? Егер мен жеңсем, Алланың бірлігі мен Пайғамбарын мойындайсың ба?», деп сұрады. Рукана келісімін берді. Пайғамбар (с.ғ.с.) онымен күресіп, Рукананы жеңіп кетеді. Күреске тоймаған қарсыласы қайтадан жекпе-жекке шақырады. Сөйтіп олар үш рет күресіп, барлығында Алла Елшісі (с.ғ.с.) жеңіске жетеді. Жеңіліп көрмеген Рукана осы оқиғадан кейін Исламды қабылдаған. Кей деректер бойынша Мекке қаласы алынғаннан кейін Рукана да мұсылман атанған.