Павлодарлық бір аптада бес рет жылдамдықты асырған
Осылайша оған 250 мың теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,жол жүру ережелерін бұзғаны үшін Павлодар облысының тұрғындарына жыл басынан бері 415 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
Қала бойынша жол ережелерін бұзуды анықтайтын түрлі бейнебақылаулардан бөлек, «Кибер-шериф» аппараттық жүйесі жұмыс істеуде.
– Осы жүйелерді орнатқан орындарда жол-көлік оқиғаларының саны азайғанымен жол жүру ережесін бұзушылар әлі де бар. Бүгінгі таңда бұл жүйелерде жол жүру ережелерін бұзудың 31000-нан астамы анықталды. "Кибер-шериф" жүйесімен ағымдағы жылдың басынан бастап 280 миллион теңгеден астам сомаға 20345 құқық бұзушылық анықталды, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.
24 тамыздан бастап «Қызылорда – Павлодар» автожолында мемлекеттік нөмірді анықтауға және көлік жылдамдығын өлшеуге арналған «ZEREK-2» аппараттық-бағдарламалық кешені қолданысқа енгізілді.
– 24-29 тамыз аралығында «Mitsubishi Pajero Sport» маркалы автокөліктің 30 жастағы жүргізушісі камералардың назарына бес рет іліккен. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы бойынша жылдамдық режимін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды,– делінген хабарламада.
Тәртіп бұзушыға жылдамдықты асырғаны үшін 276 мың теңгеден астам айыппұл салынды.