Павлодарда төрт облыстың депутаттары интеллект ойындарына жиналды
Бұл додада 80-ге жуық адам кездеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында ҚР Парламенті Сенатының Ашық Кубогы – Senat open – 2024 шахмат турнирінің жартылай финалы басталды. Павлодар өңірінің басшысы Асаин Байханов құттықтау сөзінде атап өткендей, шахмат – бұл ақыл, интеллект, стратегия және тактика ойыны.
– Сіз депутаттар, халық өкілдері ретінде күнделікті жұмысыңызда осы қасиеттердің барлығын пайдаланасыз, - деді Павлодар облысының әкімі.
Аймақ басшысы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Үздік атанғандар келесі кезеңдерге жолдама алады.
Айта кету керек, іріктеу турнирі 15 облыста, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында өтті. Әр аймақтың үздік 25 ойыншысы солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс және орталықта құрылған жартылай финалдың бірінде ойнауға мүмкіндік алды. Павлодардағы жартылай финалға Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында іріктеу турларынан сәтті өткен шахмат әуесқойлары қатысты. Сондай-ақ, Қостанай облысының депутаттары толық құрамда келді.
– Ойындардың қорытындысы бойынша алдымен финалға жолдама алатын әр облыстың үздік төрт спортшысын анықтаймыз. Осыдан кейін біз жеңімпаздар қатарына кіргендерді қоспағанда, жалпы нәтиже бойынша қосымша тоғыз спортшыны іріктейміз. Осылайша, 31 тамызда өтетін финалға бір аймақтан 13 адам құрылған төрт топ қатыса алады, - деп түсіндірді Павлодар облысы шахмат федерациясының президенті Александр Бабенко.
Сонымен қатар, ойын ФИДЕ ережелеріне сәйкес өтті. Шараға құрметті қонақ ретінде Парламент Мәжілісінің депутаттары, оның ішінде Жарқынбек Амантай да атсалысты.